9 мм саңлаудан буаз болған маймыл – ғалымдар аң-таң
Жапон зоопаркінде жалғыз отырған Момо есімді маймыл күтпеген жерден буаз болып шықты: Ғалымдарды таңғалдырған жағдай
Жапонияның Нагасаки префектурасында орналасқан "Кудзюкусима" зоопаркінде ерекше оқиға тіркелді. Онда Момо есімді 12 жастағы аққолды гиббон (маймыл түрі) бірнеше жыл бойы жеке торда өмір сүріп келген. Алайда 2021 жылдың ақпанында күтпеген жерден бала туды. Ең қызығы – ол ешқандай еркек маймылмен байланыста болмаған.
Зоопарк қызметкерлері таң қалып, бұл қалай болғанын түсіне алмай, ДНҚ сараптамасын жүргізеді. Талдау нәтижесінде баланың әкесі – көршілес торда тұрған 34 жастағы Ито есімді аталық гиббон екені анықталады. Бірақ олардың арасында қалың металл қабырға болған, ал ешқашан бір торда бірге тұрмаған.
Махаббатқа тосқауыл бола алмаған темір
Көп ұзамай зоопарк мамандары екі торды бөліп тұрған қабырғаның төменгі жағында небәрі 9 миллиметрлік саңылау бар екенін байқаған. Сарапшылардың болжамынша, сол кішкентай тесіктің арқасында гиббондар бір-бірімен физикалық байланысқа түсіп, осылайша ұрпақ өрбіген болуы мүмкін. Бұл – сирек кездесетін, тіпті ғылыми фантастикаға ұқсайтын жағдай.
Табиғат тосын мінез танытты
Мамандар бұл жағдайды "табиғаттың тосын мінезі" деп сипаттады. Себебі, гиббондар – өте сақ, өз аймағын қорғайтын жануарлар. Олар көбіне жаңа серіктестерді қабылдамайды. Сондықтан Момо мен Итоның арасындағы биологиялық байланыс зоопарктің бүкіл ұжымын таңғалдырған.
Қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Бұл оқиғадан кейін зоопарк басшылығы екі тор арасындағы ескі металды толығымен алып тастап, орнына ешбір саңылауы жоқ жаңа болат қабырға орнатты. Сонымен қатар, Момо мен Итоны бір торға біртіндеп үйрету жұмыстары басталды. Мамандар оларды бір-біріне бейімдеп, болашақта бір жерде бірге тұруға жағдай жасауды жоспарлап отыр.