Жаңалықтар

Ақмола облысында полицейге шабуыл жасаған ағайындыларға үкім шықты

Ақмола облысының екі тұрғыны «мәселені орнында шешуден» бас тартқан патрульдік полицейге шабуыл жасаған. Нәтижесінде полиция қызметкері ми шайқалу диагнозымен ауруханаға түсті, деп хабарлайды CMN.KZ.

Соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, полиция инспекторы күдіктінің көлігін құжаттарын тексеру үшін тоқтатқан. Алайда жүргізуші құжаттарын көрсетуден бас тартып, өзін басқа адамның атымен таныстырмақ болған.

Кейін анықталғандай, ер адам бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған екен. Инспектор хаттама толтыруға кіріскен.

Осы сәтте көлік жүргізушісінің ағасы келіп жетіп, екеуі полиция қызметкерінен жағдайды «орнында шешуді» сұраған.

«Инспектордан бас тарту алған соң, ағайындылар агрессивті әрекетке көшіп, полицейдің бетіне жұдырықпен соққы жасаған. Одан кейін оқиға орнынан бой тасалаған», – деп мәлім етті сотта.

Сот-медициналық сараптама патрульдік қызметкерде ми шайқалуы диагнозын растады.

Билік өкіліне қатысты алдын ала сөз байласу арқылы жасалған күш қолдану әрекеті үшін айыпталушылар 3 жыл 6 ай мерзімге бостандықты шектеу жазасына кесілді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.