"Жасыл даму" қоқыс шығындарын толық өтемеген
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау 2024 жылы жоспарланған 7,5 млрд теңгенің орнына небәрі 4,6 млн теңге ғана төленгенін мәлімдеді.
Қазақстандағы өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің (ӨКМ) операторы – «Жасыл даму» ұйымы қалдықтарды жинау, сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жаратуға кеткен шығындарды өтеуге тиісті деңгейде қаражат бөлмей отыр. Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау 2024 жылы жоспарланған 7,5 млрд теңгенің орнына небәрі 4,6 млн теңге ғана төленгенін мәлімдеді.
«ӨКМ операторы қалдықтарды жинау, сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жаратуға кеткен шығындарды толық көлемде өтеуі тиіс. Алайда 2024 жылы “Жасыл даму” ұйымы жоспарланған 7,5 млрд теңгенің орнына бар болғаны 4,6 млн теңге ғана төледі», – деді Тау мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауалды жария ете отырып.
Оның айтуынша, заңнама талаптарының орындалмауы тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы бизнестің тоқырауына, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу кәсіпорындарының жаппай жабылуына, сондай-ақ полигондардағы қалдық көлемінің артуына әкеп соқтырды.
Депутаттың айтуынша, жылына 550 мың тонна қалдық қабылдайтын алматылық Green Recycle зауыты тек 20%-ын ғана қайта өңдеп, қалған 80%-ы жерге көміледі.
Қазақстанда 2 973 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар, олардың тек 20,4%-ы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Елде жыл сайын орта есеппен 4,5 млн тонна қоқыс жиналады, соның ішінде 1 млн тоннадан астамы (шамамен 22%) ғана сұрыпталып, қайта өңделеді. Ал қалған 3,5 млн тоннасы жерге көміледі.
Мәселенің күрделене түсуіне, әрі шешілмей отыруына Экологиялық кодексте белгіленген өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін орындаудың нақты жүйесінің болмауы, сондай-ақ «Жасыл даму» АҚ-ның «оператор» ретінде тиімді жұмыс істей алмауы себеп болып отыр, – деп түйіндеді Тау.