Әлем

Түркия ресми түрде тыйым салды: Нетаньяху не істемек?

Түркия үкіметі Израиль әуе ұшақтарына, соның ішінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мінетін бортқа өз әуе кеңістігін пайдалануға ресми түрде тыйым салды.

2025 жылдың 3 мамырында Түркия үкіметі Израиль әуе ұшақтарына, соның ішінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мінетін бортқа өз әуе кеңістігін пайдалануға ресми түрде тыйым салды. Бұл шешім Нетаньяхудың 7-11 мамыр аралығында Әзербайжанға жоспарлаған сапары қарсаңында қабылданды.

Түркия президенті жанындағы Коммуникациялар басқармасының құрамындағы Дезинформациямен күрес орталығының хабарлауынша, Нетаньяхудың сапарына байланысты әуе кеңістігін ашу туралы ешқандай келіссөз де, ресми сұраныс та болмаған. Сонымен қатар, халықаралық БАҚ-та тараған «Анкара Нетаньяху бортына рұқсат береді» деген ақпаратты түрік билігі жоққа шығарды.

Айта кетейік, бұған дейін, 2024 жылдың қарашасында да Түркия Израиль президенті Ицхак Герцогтың ұшағына Әзербайжанға бару үшін әуе кеңістігінен ұшып өтуге рұқсат бермеген еді. Ол кезде Герцог Бакуде өткен БҰҰ-ның климат саммитіне қатыспақ болған.

Түркияның бұл шешімі Газа секторындағы Израильдің әскери әрекеттеріне байланысты қабылданған саяси ұстанымның жалғасы ретінде бағаланып отыр. Ел ішінде де бұл бағытты қолдайтын пікірлер көбейіп келеді. Атап айтқанда, Түркияның «Ватан» (Отан) партиясы үкіметті Нетаньяхудың сапарына үзілді-кесілді тыйым салуға шақырған болатын.

Нетаньяхудың Әзербайжанға сапары барысында президент Ильхам Әлиевпен және жергілікті еврей қауымдастығымен кездесулер жоспарланған. Бұл сапар Израиль мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту, сондай-ақ Түркиямен қатынастарды аралық дипломатиялық арна арқылы қайта қарастыру мақсатында ұйымдастырылған.

Алайда, Түркияның әуе кеңістігін ашпау туралы шешімі Нетаньяхудың Бакуге жету жолын күрделендіруі мүмкін. Бұл – Анкараның Таяу Шығыстағы саяси позициясында Израильге қатысты сыншыл көзқарасын әрі қарай да сақтайтынын білдіреді.