Мысырдың бұрынғы бас мүфтиі: электронды темекі шариғат тұрғысынан харамға жатпайды
«Аль-Хаят» эфирінде ықпалды ислам ғалымы, шейх Али Жума (Гомаа) дін мен темекіге қатысты тақырыпты қайта көтеріп, электронды темекіге байланысты көзқарасын білдірді,
«Аль‑Хаят» мемлекеттік телеарнасындағы «Дін мен өмір нұры» бағдарламасында белгілі ислам ғалымы, Мысырдың бұрынғы Бас мүфтиі шейх Али Жума қыздыру жүйелері арқылы пайдаланылатын электронды темекіге қатысты жаңа ұстанымын жария етті. Ғалымның айтуынша, зияны дәлелденген кәдімгі темекіден өзгеше бұл құрылғылар шариғат тұрғысынан харам саналмайды.
Шейх пікірі 4 мамырдағы тікелей эфирде жарияланды.
2005 жылы Али Жума кәдімгі темекіні харам деп тану туралы пәтуаға қол қойған еді.
«Ислам зиянға тыйым салады, бірақ зиянды азайтатын жолға тыйым салмайды. Өнімнің елеулі зияны дәлелденбесе, ол рұқсат етілген», — деді шейх эфир барысында.
XIX ғасырда темекіге макрух үкімі берілген болса, ХХ ғасырдың соңында медициналық дәлелдерге сүйене отырып, ғалымдар оны толықтай харам деп жариялады. Жаңа құрылғыларға қатысты үкім сол дәлелдердің жаңаруына байланысты қайта қаралуда.
Мамандар не дейді?
Кардиологтар классикалық темекінің жүрек‑қан тамырлары ауруларын өршіту қаупін растайды. Ал қыздыру жүйелері зиянды компоненттерді едәуір азайтса да, толық қауіпсіз екені түбегейлі дәлелденген жоқ.
Қазақстанда темекі тартушылардың үлесі — шамамен 20 %. Денсаулық сақтау сарапшылары темекіні толық тастауды ең тиімді шешім деп санайды, ал зиянды төмендету тәсілдері өтпелі кезеңнің құралы ретінде қарастырылады.