Жаңалықтар

137 млн теңгені жымқыру үшін әкім орынбасары болған ба?

Тараз қаласының бұрынғы әкім орынбасары 137 млн теңге залал келтірген. 

Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрбол Қалдыбаевқа қатысты атышулы сот ісі бойынша үкім шықты. Ол қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, бұл іс бойынша мердігер компания өкілі де алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға сотталды.

Тергеу материалдарына сүйенсек, 2022 жылдың шілдесі мен 2023 жылдың қарашасы аралығында Қалдыбаев Тараз қаласы әкімдігінде құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларына жетекшілік еткен. Осы кезеңде ол заң талаптарын елемей, мемлекеттік бюджетке елеулі залал келтірген. Атап айтқанда, «Ұлы дала» жаңа тұрғын ауданында орналасқан екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталмағанына қарамастан, олар ресми түрде пайдалануға берілген деп танылған. Бұл жобаларға 1,2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Алғашында Қалдыбаевқа «мүлікті жымқыру және ысырап ету» бабы бойынша айып тағылған еді. Алайда тергеу барысында айып жеңілдетіліп, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бабымен қайта сараланды. Құзырлы органдар келтірілген залал көлемін 137 миллион теңгеге бағалады.

Қалдыбаев 2023 жылдың 11 желтоқсанында ұсталды. Бұл оның отставкаға кеткенінен небәрі үш апта өткен соң болған. Сот процесі барысында ол өз кінәсін мойындамаған. Дегенмен, мердігер ұйым өкілі Қалдыбаевтың құрылыстың нақты жай-күйінен хабардар болғанын және жалған қабылдау актілеріне өзі қол қойғанын мәлімдеген.

Бұл іс құрылыс саласындағы бақылау мен жауапкершіліктің әлсіздігін, сондай-ақ жемқорлықтың салдарын тағы бір мәрте көрсетті. Жүйелі бақылау мен ашықтықтың болмауы – қоғам мен мемлекетке елеулі қауіп төндіретіні тағы дәлелденді.