Иран әлем елдерін тығырыққа тірейтін мәлімдеме жасады
Иран Ормуз бұғазын жабамын деп отыр. Бұл нені білдіреді?
Орта Шығыстағы геосаяси шиеленіс тағы бір маңызды кезеңге жетті. Израильдің Иранға жасаған соңғы әуе шабуылдарынан кейін, Тегеран Ормуз бұғазын жабу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссия мүшесі Исмаил Коусари мәлімдеді.
Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай артериясы
Ормуз бұғазы – әлемдік энергетикалық қауіпсіздік үшін стратегиялық маңызды су жолы. Бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың 25%-ы және сұйытылған табиғи газдың үштен бірі тасымалданады. Сонымен қатар, контейнерлік тасымалдар мен Дубайдағы Джебель-Али портына бағытталған жүк ағындарының негізгі бөлігі де осы бағытпен өтеді.
Иран егер жағдай ушыға берсе, бұл бұғазды жабуға ештеңеден тайынбайтынын мәлімдеді. Бұл қадам жаһандық мұнай бағасына күрт әсер етуі мүмкін және тасымалдау маршруттарына балама іздеуге итермелейді.
Мұнай тасымалдаушылары шегініп жатыр
Әлемдегі ең ірі мұнай танкерлік компанияларының бірі – Frontline – Израиль шабуылдарынан кейін Парсы шығанағы арқылы өтетін жаңа келісімдерден бас тартқанын хабарлады. Бұл – қауіпсіздікке байланысты қабылданған шешім, ал сарапшылар теңіз жолдарының аса осал екенін айтып отыр.
Израильдің шабуылы: ядролық бағдарлама нысанасы
2025 жылғы 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға бірнеше бағытта соққы берді. Нысана ретінде елдің ядролық инфрақұрылымы мен жоғары әскери басшылығы таңдалған. Иран жағы бұл шабуылдан 78 адамның қаза тауып, 329-ының жараланғанын хабарлады. Сонымен қатар, ядролық зерттеу орталықтары мен әскери әуе базалар да зақымданған.
Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 14 маусым күні Иранның ядролық бағдарламасын дамытуға қатысқан тоғыз жетекші ғалым мен сарапшының көзі жойылғанын мәлімдеді.