Мәжіліс депутаты Абзал Құспан «ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты Рақымшылық туралы» заң жобасын таныстырды. Құжат Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес, жүкті және кішкентай баласы бар әйелдерге, әлеуметтік осал топтарға басымдық береді.
Жалпы 15 мың адамға рақымшылық жасалуы мүмкін: 6 мыңы – түрмеде, 9 мыңы – пробацияда тіркеуде тұр. Оның ішінде 4100-і бостандыққа шығады. Әлеуметтік осал 629 адамның 57-сі босатылады, 572-сінің мерзімі қысқарады. 833 әйелге рақымшылық қарастырылған: 109-ы босап, 724-інің мерзімі қысқарады.
Жазасының аяқталуына 1 жыл қалған және тәртібі жақсы 1700 адамға да рақымшылық қолданылуы мүмкін. Тізімді түзеу мекемесі ұсынады, бірақ соңғы шешімді сот шығарады.
Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар жаза мерзімін ғана қысқартуға үміт арта алады. Ал адам өлімімен аяқталған көлік апатына кінәлілер рақымшылыққа ілінбейді.