Қазақстан ОА елдері ішінде алғашқы болып суперкомпьютер орнатқан ел атанбақ

19 маусым, 2025 / taulik
Фото: ortcom.kz

Қазақстан цифрлық болашаққа батыл қадам жасады – ел тарихындағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер орнатылып жатыр. Бұл – Орталық Азия өңірі үшін бұрын-соңды болмаған технологиялық серпіліс. Жаңа жүйе еліміздің жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерін еселеп арттырады.

Суперкомпьютер дегеніміз не және ол не үшін қажет?

Жобаның басты артықшылығы – оның негізі ретінде әлемдегі ең жаңа NVIDIA H200 графикалық үдеткіштері пайдаланылып отыр. Бұл құралдар жоғары өнімділікті қажет ететін жасанды интеллект, үлкен деректерді өңдеу, контент генерациясы, цифрлық модельдеу, сондай-ақ ғылым мен мемлекеттік басқару салаларындағы күрделі есептер үшін арнайы жасалған.

Суперкомпьютердің өнімділігі – 2 экзафлопсқа жуық, бұл оны бүкіл өңірдегі ең қуатты есептеу жүйесіне айналдырады. Орнатылуы Tier III сенімділік стандартына сай келетін деректер орталығында жүзеге асырылып жатыр.

Қандай салаларға пайда әкеледі?

Жаңа технологиялық платформа eGov, eOtinish, денсаулық сақтау, білім беру, энергетика және бизнес секілді маңызды салаларда қолданылады. Сонымен қатар, ол үлкен тілдік модельдерді оқыту, жасанды интеллект агенттерін дамыту сынды ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Баршаға қолжетімді ресурс

Бұл тек ел ауқымындағы бастама емес, ол ұлттық ИИ-экожүйесін қалыптастыруға бағытталған. Суперкомпьютер Ұлттық жасанды интеллект платформасына біріктіріледі. Университеттер, ғылыми орталықтар, стартаптар, IT-компаниялар – барлығы осы жүйенің мүмкіндіктерін пайдалана алады. Бұл — Қазақстандағы цифрлық теңдік пен инклюзивті инновацияны қамтамасыз етудің нақты үлгісі.

Жобаның серіктестері және ерекшелігі

Суперкомпьютер жобасы – Қазақстанның жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы аясында 2029 жылға дейін жүзеге асырылатын стратегиялық бастама. Жобаны NVIDIA (АҚШ) өндірушісі мен Presight (G42 тобы, БАӘ) компаниясы бірлесіп іске асырып жатыр. Бұл ынтымақтастық Абу-Даби ханзадасының Қазақстанға ресми сапары барысында келісілген болатын.

Тағы бір маңызды жаңалық – жоғары технологиялық жабдықты елге кедендік баж салығынсыз және ҚҚС-сыз әкелуге мүмкіндік беретін жаңа механизм алғаш рет іске асырылды. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырып, цифрлық егемендігін нығайтады.

Энергия үнемділігі және тұрақтылық

Суперкомпьютер "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ базасында орналастырылған. Ол энергетикалық жүйеге минималды жүктеме түсіретін етіп жобаланған. Қазіргі уақытта монтаждау және баптау жұмыстары жүріп жатыр, ал толық іске қосу – алдағы 2–3 айда күтіледі.

Тэгтер:

Қазақстан ғылым жасанды интеллект технология Суперкомпьютер ОА елдері AI IT саласы