Ресейдің федералдық күзет академиясын аяқтаған адам Қазақстанға вице-министр болды ма?

Бүгін, 11:58 / taulik
Фото: Үкімет сайтынан

Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жаңа вице-министр тағайындалды. Бұл жаңалық көпшілікке елеусіз көрінуі мүмкін еді, алайда журналист Гүлбану Әбенова бұл тағайындаудың астарынан елдің ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар алаңдатарлық жайтты көтеріп отыр. Оның айтуынша, бұл қызметке келген Досжан Мұсалиев – Ресей Федералдық күзет қызметінің (ФСО) академиясын тәмамдаған тұлға.

Әбенова атап өткендей, дәл осы вице-министр ақпараттық қауіпсіздікке жауапты блокты басқаратын болады. Бұл блоктың құрамына мемлекеттік маңызы бар дерекқорлар – халықтың ЖСН-і, төлқұжат деректері, мекенжай, телефон нөмірі сынды жеке мәліметтер кіреді. Мұндай көлемдегі ақпарат интернетте еркін таралып жатқан шақта, мемлекет ішкі аудит жүргізудің орнына, Ресейдің арнайы қызметі дайындаған маманды басшылыққа қоюы қоғам үшін күмәнді шешім саналады.

«16 миллион адамның жеке дерегі тарап кеткен тұста, бұл кадрлық өзгеріс – өте-мөте даулы шешім. Досжан Мұсалиевтің IT не киберқауіпсіздік саласындағы тәжірибесі – белгісіз. Ал ФСО-ны тәмамдаған адамның дәл осындай сезімтал секторға тағайындалуы – ақылға қонымсыз», – дейді журналист.

Министрлік әзірге бұл мәліметтерді «ескі дерек» деп қысқа қайырып отыр. Алайда, журналист мұндай жауап ведомствоның жауапкершілік жүгін жеңілдетпейтінін айтады. Себебі бұл деректер министрлікке қарасты басқармалардың бақылауында болған. Бұған электрондық үкімет – eGov порталы да кіреді.

Бұған қоса, мемлекеттік деректер базасына жеке компаниялардың қол жеткізіп жатқаны да журналист назарын аударған. Әбенованың жазуынша, Ұлттық деректер базасына (НОБД) қолжетімділік BTS Digital компаниясына берілген. Ал осыған дейін eGov жүйесіне аудит жүргізуге Ресейлік СБЕР-дің серіктесі саналатын «Бизон» компаниясы тартылған болатын. Осы аудиттен кейін жеке мәліметтердің жаппай интернетке таралуы кездейсоқтық па, әлде салғырттық па — бұл сұрақ жауапсыз қалып отыр.

«Цифрлық қауіпсіздік – формалды дүние емес. Ол мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік мүддесімен тікелей байланысты. Мұндай жауапты салаға қоғам сенімінен өткен, кәсіби беделі айқын маман келуі керек. Ал ФСО-мен байланысы бар тұлғаны тағайындау – қауіпсіздік тұрғысынан өте күмәнді шешім», – деп пайымдайды Әбенова.

Осылайша, цифрлық саладағы кадрлық шешім қоғамның сұрағына айналып отыр. Бұл тек бір шенеуніктің өмірбаяны емес – бұл бүкіл елдің дерегін кім басқаратыны туралы мәселе. Ал деректер – жаңа ғасырдың стратегиялық капиталы.

Тэгтер:

Ресей министрлік Досжан Мұсалиев вице министр академия федералды