22 маусым түнінде АҚШ әуе және теңіз күштері Иранның үш ядролық нысанына – Фордо, Натанз және Исфаханға – ауқымды әскери соққы жасады. Алайда Иран тарапы бұл нысандардан уран қорлары алдын ала қауіпсіз жерге көшірілгенін мәлімдеді.
Иранның мемлекеттік телерадиокорпорациясы басшысының орынбасары Хасан Абединидің айтуынша, объектілерде ешқандай ядролық материал қалмаған, сондықтан соққылар ел азаматтарына радиациялық қауіп төндірмеген.
«Өндірілген уран түгелдей шығарылған. Бұл нысандарда радиация туындататын ештеңе қалмады», — деді Абедини 22 маусым күні телеарна эфирінде.
Сонымен қатар, Иран парламенті төрағасының кеңесшісі Мехди Мохаммади де Фордо нысанына шабуылдың алдын ала болжанғанын, сондықтан ол жердің уақытында эвакуацияланғанын және келтірілген залалдың қайтымсыз емес екенін жеткізді.
Maxar спутниктік деректері
Maxar Technologies спутниктік барлау компаниясы да бұл мәлімдемелерді жанама түрде растады. Олардың деректеріне сәйкес, Фордо зауыты маңында соққыға екі күн қалғанда көлік қозғалысы мен жүк тасымалының ерекше белсенділігі байқалған. Бұл – уран қорларының нысаннан шығарылғанын білдіруі мүмкін.
Радиация тіркелмеді – МАГАТЭ
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) 22 маусымда ресми түрде радиациялық фонның көтерілуі анықталмағанын мәлімдеді. Бұл Иран жағының қауіпсіздік шараларын алдын ала қолға алғанын аңғартады.
АҚШ шабуылының сипаттамасы
Фордо – B-2 бомбалағыштары арқылы 6 дана "бункербұзғыш" бомбамен атқыланды.
Натанз және Исфахан нысандарына 30 "Томагавк" зымыраны су асты қайықтарынан ұшырылған.
АҚШ президенті Дональд Трамп өз мәлімдемесінде бұл соққылар Иранның уран байыту инфрақұрылымына елеулі залал келтіргенін айтты. Ал Иран тарапы объектілер соққыға ұшырағанын мойындағанымен, инфрақұрылымның айтарлықтай зақымданбағанын жеткізді.