Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (КазҰУ) диплом тапсыру рәсімі төңірегінде дау туды. Редакциямызға жүгінген бітіруші студенттердің айтуынша, оқу орны үздік белсенді түлектерге ерекше қошемет көрсетіп, ал қатардағы түлектерге қарапайым әрі бейресми форматта ғана салтанат ұйымдастырған. Бұл туралы Qumash телеграм арнасы жазды.
Желіде тараған екі видеоны салыстырғанда айырмашылық көзге бірден түседі:
Алғашқы бейнеде: университет белсенділеріне дипломдар үлкен сахнада, әсем декорациялармен, музыкамен, құрметпен табысталып жатыр.
Екінші бейнеде: басқа бітіруші студенттер дипломдарын Farabi Hub ғимаратында алып жатыр. Студенттердің айтуынша, бұл орын салтанатты шарадан гөрі жөндеу үстіндегі зертханаға көбірек ұқсайды.
«Ішінде ауа жоқ, ыстық, шу, тар орын. Бір рет қолданылатын декорация да болмады. Біз үшін бұл — көңілсіз қоштасу», — дейді студенттердің бірі.
Студенттердің айтуынша, мәселе тек сыртқы атмосферада емес. Оларды ең қатты ренжіткен — университет басшылығының көзқарасы мен әділетсіздікті сезінуі.
«Біз төрт жыл бойы бір проекормен, жасыл мектеп тақтасымен білім алдық. Интерактив дегенді көрген емеспіз. Бірақ соңғы күніміз ерекше болады деп үміттендік. Әттең, әрқайсымызға 8 секунд уақыт қана бөлінді», — деп налиды түлектер.
Университет әкімшілігі әзірге бұл шағымдарға ресми пікір білдірмеді. Дегенмен әлеуметтік желілерде студенттер мен ата-аналар арасында қызу талқылау жүріп жатыр. Көпшілік бітірушілерге тең көзқарас болу керек деген пікірде.