Екі жақ та дайын: Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келісім орнайды

Бүгін, 12:16 / taulik
Фото: ашық дереккөз

Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімге шілде айында қол қойылуы ықтимал. Бұл туралы Middle East Eye басылымы хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, ай соңында Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің кездесуі жоспарланған. Келіссөздер аясындағы бұл жүздесу Дубайда өтуі мүмкін. Журналистердің пайымынша, екіжақты бейбіт келісімге дәл осы қалада қол қойылады.

Еске салсақ, биыл наурызда Арменияның Сыртқы істер министрлігі Ереван мен Баку арасындағы бейбіт келісім жобасының келісілгенін және дайын екенін мәлімдеген болатын. Кейінірек армян тарапы Әзербайжанмен құжатқа қол қою мерзімі мен орнын келісуге дайын екенін айтты.

Сонымен қатар, Еуропалық саяси қауымдастық саммиті аясында Албания астанасы Тиранада Пашинян мен Әлиевтің бейресми кездесуі өткені хабарланған. Алайда сол кездесу барысында нақты қандай мәселелер талқыланғаны жарияланбады.

Ал Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеудің Ереван мен Баку арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіруге көмектесуге дайын екенін растады.

Бейбіт келісімге қол қойылса, бұл Оңтүстік Кавказдағы ондаған жылға созылған қақтығыстың аяқталуына жол ашатын маңызды тарихи қадам болмақ.

Тэгтер:

Ресей Әзербайжан Баку Армения келісім Ереван бейбіт келісім