Түркия зымыран өндірісін жеделдетті – Ердоған неге дайындалып жатыр?

Бүгін, 00:38 / taulik
Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалға

Түркия мен Израиль арасындағы геосаяси шиеленіс жаңа деңгейге жетті. Financial Times мәліметінше, аймақта жаңа қарулы қақтығыс туындау қаупі күрт артқан. Анкара мен Тель-Авив арасындағы дипломатиялық қатынастар 2024 жылы ресми түрде үзілген болатын. Ал 2025 жылдың сәуір айында Израиль әскери-әуе күштері Сириядағы түрік объектісіне соққы жасап, жағдайды одан әрі ушықтырды.

Осыған байланысты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған зымыран өндірісін жеделдетуді бұйырып, елдің қорғаныс саласын нығайтуға басымдық берді. Ол бұған дейін Түркияның үлкен соғысқа дайын екенін ашық мәлімдеген. Сонымен қатар, Израильдің Сириядағы күрд қарулы жасақтарымен тығыз қарым-қатынас орнатуы да Анкара тарапынан тікелей қауіп ретінде бағаланып отыр.

Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан: «Аймақтағы түйткіл палестиналықтарда да, ирандықтарда да емес – түпкі мәселе Израильде» деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың басты көзі — Израильдің агрессиялық әрекеттері.

Өз кезегінде, Израиль Түркияны ХАМАС қозғалысын қолдады деп айыптап отыр. Қос тараптың айыптаулары мен әскери риторикасы дипломатиялық арналарды тұйықтап тастады. АҚШ бұл шиеленісті бәсеңдетуге тырысқанымен, екіжақты диалог әлі қалпына келген жоқ.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдайдың ушығуы аймақтағы жаңа қарулы жанжалға алып келуі мүмкін. Әсіресе, Израильдің әскери серіктестерімен байланыс орнатуы мен Түркияның әскери өндірісті күшейтуі екі елдің тікелей соғысқа жақындап келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге, Түркияның Сириядағы белсенділігі мен күрд топтарына қарсы іс-қимылдары бұл шиеленістің тек Израильмен ғана шектелмейтінін аңғартады.

Аймақтағы бұл күрделі ахуал бүкіл Таяу Шығысқа әсер етуі ықтимал. Сарапшылар жаңа соғыстың алғышарттары қалыптасып жатқанын айтып дабыл қағуда.

Тэгтер:

әскер соғыс Түркия Израиль ХАМАС Газа секторы қақтығыс таяу шығыс Эрдоған