Әзербайжан мен Армения аймақтағы Ресей ықпалын ығыстыра ма?

Бүгін, 01:39 / taulik
Фото: primeminister.am

Абу-Дабиде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян арасында өткен келіссөздердің нәтижесі бойынша екі елдің Сыртқы істер министрліктері бірлескен мәлімдеме таратты. Бұл туралы Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мәлімдемеде екі ел көшбасшылары мемлекетаралық қатынастарды қалыпқа келтіру күн тәртібінің түрлі аспектілерін талқылағаны айтылған. Әлиев пен Пашинян шекара делимитациясы процесіндегі ілгерілеуді атап өтіп, тиісті мемлекеттік комиссияларға осы бағытта практикалық жұмысты жалғастыруды тапсырған.

Сондай-ақ тараптар екіжақты келіссөздерді әрі қарай жалғастыру және екі ел арасындағы сенімді нығайту шараларын жүргізу туралы уағдаласты.

Бұл — Армения мен Әзербайжан басшылары арасында бейбіт келісім мәтіні жобасы бойынша уағдаласқаннан кейінгі алғашқы ресми екіжақты кездесу. Төрт онжылдыққа созылған қақтығыстан кейін бұл келіссөздердің нәтижесі Оңтүстік Кавказ өңірінің болашағына тікелей әсер етеді, деп атап өтеді Euronews.

Келіссөздердегі маңызды ерекшелік — Ресейдің бұл жолы қатыспауы. Еревандағы тәуелсіз сараптамалық орталық — Өңірлік зерттеулер орталығының директоры Ричард Гирагосянның пікірінше, Украинадағы сәтсіз басқыншылықтан кейін Ресей бұл процестен ығыстырылған.

«Бұл — Мәскеудің бастамасы емес. Баку мен Ереван Кремльден біртіндеп алыстап жатыр. Соңғы жылдары олардың Ресеймен қарым-қатынасы айтарлықтай нашарлады», — дейді сарапшы.

Euronews мәліметінше, Ресей посткеңестік кеңістіктегі ықпалын біртіндеп жоғалтып келеді. Оңтүстік Кавказ — Кремльдің бұрынғы басты тірегі болған аймақтардың бірі, енді бұл аймақтан да Ресей шеттетілуде.

«Армения мен Әзербайжан Мәскеуге қарсы саясатты ортақ мақсат ретінде бөлісіп отыр: олар Ресейдің Оңтүстік Кавказдағы ықпалын азайтып, оны ығыстыруға тырысып жатыр», — деп қорытындылайды Ричард Гирагосян.

Тэгтер:

Ресей Кремль кездесу Әзербайжан Баку Армения Ереван аймақ ықпал күш дипломатия