АҚШ-тың ультиматумдары нәтиже бермейді — америкалық экономист

Бүгін, 01:57 / taulik
Фото: Ашық дереккөз

АҚШ-тың Ресейге қойған ультиматумдары жұмыс істемейді, Вашингтон әскери үстемдікке сүйенуді доғарып, дипломатия жолына түсуі керек. Бұл туралы белгілі америкалық экономист, Колумбия университетінің профессоры Джеффри Сакс YouTube арнасында мәлімдеді.

— «Бұл ультиматум – сәтсіздік. Мұндай тәсілдер нәтиже бермейді. Қазір АҚШ-тың дипломатиясын бір сөзбен сипаттауға болады – бұл "бейберекеттік". Трамп болсын, Байден болсын, кез келген президент кезінде АҚШ-тың сыртқы саясаты шектен тыс әскери менмендікке құрылған. Олар кез келген қақтығысты өз шарттарымен аяқтағысы келеді – мейлі ол Ресей, Иран немесе Қытай болсын», – деді Сакс.

Оның айтуынша, қазір АҚШ жаһандық Оңтүстік елдерінен алыстап барады, өйткені бұл елдердің енді қарсы жауап беруге мүмкіндігі де, еркі де бар. «Талап пен ультиматум дәуірі аяқталды, оны қайтару мүмкін емес», – дейді ол.

Экономист Трамптың сыртқы саясатын да сынға алды:

— «Олардың ойынша, дипломатияның қажеті жоқ. АҚШ өзі қалағанын істеп, өзгелерге бұйрық беруді ғана біледі. Бірақ бұл енді жұмыс істемейді. Мәселен, Трамп Украинадағы соғысты 24 сағатта тоқтатамын деді, бірақ бұл бастан-аяқ сәтсіз идея болды. Ол дипломатия емес, тек талап қоюмен шектелді. Газа мәселесі шешілмеді, Иранмен келісім жоқ, Қытаймен де сауда келісімі жасалмады. Тек бұйрықтар мен қысым – бұл ешқайда апармайды», – деді Сакс.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасында 50 күн ішінде бейбіт келісімге келу қажет екенін айтқан еді. Алайда кейін ол бұл мерзімді 10 күнге дейін қысқартатынын жариялады. Егер келіссөздер сәтсіз аяқталса, Трамп импорттық салықтар мен санкциялар енгізу мүмкін екенін жеткізді. Дегенмен, ол мұндай рестрикциялардың тиімділігіне күмәнмен қарайтынын да мойындады.

Тэгтер:

Ресей АҚШ дипломатия ультиматум