Кәсіпкер және блогер Бұрахан Әдиханов әлеуметтік желіде елге оралғаннан кейінгі ойларымен бөлісті. Ол бір ай шетелде болып, Қазақстандағы дамуға қатысты жеке байқауларын жазды.
Әдихановтың айтуынша, елге келген соң бірқатар оң өзгерістер көзге түскен. «Элементарно Kaspi карточка шығару – 1-ақ минут уақыт алады. Страховка жасау, құжаттарды рәсімдеу – онлайн. Әдемі кафелер көп. Айта берсең, жақсы дүниелер жеткілікті. Бірақ көп адамдар ұйқыда екенін байқадым», – дейді ол.
Ол қазақстандықтардың басым бөлігі өмірін «аквариумдағы балықтарға» теңейді: бәрі қолжетімді, жайлы, әдемі, бірақ шектеулі. «Кредитке алынған көліктер, 9:00-18:00 арасындағы жұмыс, максимум жететін меже – премия алу немесе басқа компанияға ауысу. Бәрінде емес, бірақ көбісінде солай», – деп жазады кәсіпкер.
Әдихановтың пікірінше, мұндай ортада адамдар дамудың келесі деңгейін көрмейді. Мысал ретінде ол Джей Лоның концертінен алған әсерін бөліскен жұрттың «50-ден асып, осынша энергия мен денсаулық» деп таңдануын келтіреді. Ал шетелде, оның айтуынша, ондай адамдармен күнделікті бірге оқуға, түскі ас ішуге болады.
«Билл Гейтстің қызымен, Трамптың баласымен бірге оқып, Нобель сыйлығы иегерінен сабақ ала аласыз. Міне, деңгей, иә?!» – деп жазады Бұрахан Әдиханов.
Оның бұл жазбасы әлеуметтік желіде пікірталас тудырып, қазақстандықтардың жеке даму, орта және мотивация тақырыбында ойлануына себеп болды.