Путин жеңді. Еуропа стратегиясын бұзды. Трампқа керегі тек нобель

Бүгін, 12:29 / taulik

Қазір Еуропада тұратын ресейлік Рустем Адагамов бүгін егер Трамп пен Путин кездессе Путиннің толық жеңіске жеткенін айтып, жазба қалдырды.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путиннің Анкоридждегі кездесуі ресми басталмай жатып, Кремль үшін саяси жеңіске айналды. Бұл жолғы мәселе қандай да бір келісімшарттарда немесе құжаттарда емес – екі жылдан астам халықаралық оқшаулаудан кейін Путиннің АҚШ жеріне ресми сапармен баруының өзі Батыстың «саяси оқшаулау» стратегиясын түбегейлі бұзып, Мәскеуді қайтадан Ақ үймен тікелей диалог алаңына шығарды.

Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі қақтығысты бастап, жүздеген мың адамның өмірін қиған, миллиондаған адамды босқын еткен, тұтас қалалар мен инфрақұрылымды қиратып, елді күйреткен адам – енді Вашингтонда серіктес ретінде қабылданып отыр.

Мұны мүмкін еткен – Дональд Трамп. Соңғы айларда ол бірнеше рет Путинге «қатаң шаралар» қолдану жайлы мәлімдеме жасап, әр жолы кері шегінген. Ультиматумдар, қауіптер, «соңғы ескертулер» – бәрі де бос сөз болып шықты. Қорытынды: жаңа санкциялар мен қысымның орнына – Аляскада қызыл кілем.

АҚШ президентінің басты мақсаты – күрделі жағдайды шешу емес, Нобель бейбітшілік сыйлығын алу. Украинаға көмектесуден гөрі, өзін «бейбітшілік орнатушы» ретінде көрсетуге көбірек мән беретін Трамп үшін бұл саммит – имидж жобасы. Ол одақтастарына берген уәделері мен Путинге деген жеке ықыласының арасында теңселіп тұр.

Тәжірибелі кремльдік саясаткер бұл мүмкіндікті толық пайдаланбақ. Екі жыл бойы халықаралық сахнадан шеттетілген Путин енді АҚШ президентімен бір үстелде отырады. Бұл Мәскеу үшін үлкен символдық жеңіс. Ресейде бұл оқиға «Батыс стратегиясының күйреуі», «оқшаулаудың аяқталуы», «Путиннің әлемдік аренаға оралуы» деп көрсетіліп жатыр.

Бұл саммит – Батыс үшін абыройсыздық. Кремль мұны әлдеқашан өз жеңісі ретінде тіркеп қойды. Пропаганда әрбір детальды асыра насихаттап, Вашингтонның Мәскеуге мұқтаж екенін дәлелдеуге тырысуда.

Путин үшін бұл сапар – келісімдерден де маңызды символдық қадам. Ал Трамп үшін – ішкі және сыртқы саясаттағы бейбітшілік имиджін нығайтудың кезекті әрекеті. Бірақ нәтижесінде бұл қадам Украинаға да, Батысқа да саяси тұрғыда пайда әкелмейтіні анық.

Тэгтер:

Украина Путин соғыс Кремль кездесу Трамп Ақ үй