Термез қаласының 25 жастағы тұрғыны Жамиля Эргашева алты жыл бойы күйеуінен көрген соққыдан кейін кішкентай ұлымен бірге үйінен қашуға мәжбүр болды. Ол әлеуметтік желіде күйеуінің жасаған ауыр соққыларының суреттерін жариялады.
Жамиляның айтуынша, күйеуі жұмыс істемеген, отбасын ол мен енесі асыраған. Ал ер адам әйелінен ақша талап етіп, бермесе аяусыз ұратын болған. Бұл жағдайлар олардың бүкіл некесі бойы қайталанып отырған.
Өз кезегінде күйеуі әйелін ұруға "өзіндік себептері болғанын" айтқан. Бірақ нақты қандай себеп екенін түсіндірмеген.
Әлеуметтік желідегі пікірлердің басым бөлігі – күйеудің «себептері» туралы айтқан сөзін мазақтап, оны қатаң жазалауды талап етуде.
– «Оны ұрып-соғуға себеп болған ба? Енді полицияның да оны түрмеге жабуға себептері бар. Бұл – жүйелі тұрмыстық зорлық-зомбылық және өміріне қауіп төндіру», – деп жазды бір қолданушы.
– «Менің ойымша, мұндай оқиғалар көбейген жоқ. Әйелдер тек үнсіз қалуды тоқтатты, полицияға арыздана бастады», – дейді тағы бір пікір иесі.
– «Қыздың көздері некеге дейін қалай жанып тұрса, кейін сондай өшіп қалған. Заңдар неге жұмыс істемейді? Әркімнің қарындасы, қызы бар емес пе? Бұл ер адам ұзаққа сотталуы керек», – деп жазды тағы бір қолданушы.
– «Әйелді ұруға қандай себеп болуы мүмкін? Өйткені кей еркектер әйелді зат көреді. Өйткені жазаланбайды деп ойлайды. Өйткені дәстүрге жабысып алған. Өйткені «ұрады – демек жақсы көреді» деген ұғымнан арыла алмайды. Немесе әйел әлсіз, қарсылық көрсете алмайды», – деп ашынған пікір білдірді тағы бір қолданушы.
Көптеген жазбаларда «мұндай күйеулердің қажеті жоқ, әйел жалғыз болса да баласымен өмір сүргені жақсы» деген пікір жиі қайталанады.