The New York Times пен CNN дерегінше, АҚШ Мемлекеттік департаменті Палестина әкімшілігінің төлқұжатына ие азаматтарға дерлік барлық бейиммиграциялық визаларды беруді тоқтатты.
18 тамызда мемлекеттік хатшы Марко Рубио қол қойған құжатқа сәйкес, АҚШ елшіліктері мен консулдықтары енді палестиналықтарға оқу, жұмыс, емделу немесе туристік сапар үшін виза бермейді. Шешім дереу күшіне енді. Тек иммиграциялық визалар мен басқа елдің паспорты арқылы өтініш бергендер ғана бұл шектеуден тыс қалды.
Мемлекеттік департамент мұны «өтініш берушілерді қатаң тексеру қажеттілігімен» түсіндірді.
Ведомство өкілі: «Әрбір виза шешімі – АҚШ ұлттық қауіпсіздігімен тікелей байланысты», – деп мәлімдеді.
Бұған дейін Вашингтон Газа тұрғындарына виза беруді уақытша тоқтатқан еді. Ал 22 тамыздан бастап Палестина әкімшілігі мен Азаттық ұйымы өкілдерінің, соның ішінде президент Махмуд Аббастың да визалары жаппай жойыла бастады. Бұл шешім БҰҰ Бас ассамблеясының отырысына Палестина делегациясы қатысуға дайындалып жатқан сәтке дәл келді.
АҚШ БҰҰ-ның қабылдаушы елі ретінде барлық ресми делегацияларға кіруге рұқсат беруге міндетті. Дегенмен Мемлекеттік департамент «ресми миссияға қатысуға рұқсат береміз, бірақ көпшілік азаматтарға шектеу қоямыз» деп мәлімдеді.
Дональд Трамп әкімшілігі Палестина басшылығын «өз міндеттемелерін орындамай отыр, бейбіт келісімге кедергі жасайды» деп айыптады. Бірақ ол нақты қандай келісімдерді меңзегенін ашып айтқан жоқ. Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары бейбіт келісімнің орындалуына кедергі келтірген тарап көбіне Израиль болған.
Жаңа шектеулер Вашингтонды Израильдің оңшыл үкіметімен одан әрі жақындата түсті. Израиль Палестина мемлекетінің құрылуына үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеп келеді.
Ал құқық қорғаушылар бұл шешімді «мыңдаған палестиналықтың оқуға, емделуге, тіпті өмірін сақтап қалу үшін елден шығуына тыйым салу» деп бағалады. Олардың айтуынша, мұндай қатаң шаралар «әдеттегі қарапайым адамдарды жазалаудан басқа ештеңе емес».