Қытай мен Ресей Иранды қорғамақ па?

1 қыркүйек, 2025 / taulik
Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Ресейдің сыртқы істер орынбасары Сергей Рябков және Иран сыртқы істер орынбасары Казем Гарибабадимен бірге. 2024 жылғы наурыз / Reuters

Қытай, Ресей және Иран сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдемесінде Ұлыбритания, Франция және Германияның (Е3) Иранға қатысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкцияларын қайта енгізу бастамасын «заңдық негізсіз әрі саяси тұрғыдан қауіпті» деп бағалады. Бұл туралы Иран тарапы хабарлады.

Министрлер БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасына жолдаған хатында Е3 елдерінің «снэпбэк» тетігін (ядерлік келісім аясында санкцияларды жедел қайта енгізуге мүмкіндік беретін механизм) іске қосу әрекеті жарамсыз екенін мәлімдеді. Себебі АҚШ 2018 жылы Иранмен жасалған ядролық келісімді (JCPOA) алғаш болып бұзды, ал Еуропа өз міндеттемелерін орындаудың орнына америкалық санкцияларды қолдады.

Хатта: «Франция, Германия және Ұлыбритания сыртқы істер министрлерінің мәлімдемесін БҰҰ ҚК-нің 2231 қарарының 11-тармағына сәйкес, JCPOA қатысушы мемлекетінің ресми хабарламасы деп қабылдауға болмайды. Бұл әрекеттің ешқандай заңдық күші жоқ», – деп жазылған.

Министрлер халықаралық құқыққа сүйене отырып, келісім бойынша міндеттемелерді орындамаған тарап оның қатысушысы ретінде құқықтан айырылады деп атап өтті.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи әлеуметтік желідегі жазбасында Е3-ті «Қауіпсіздік кеңесінің өкілеттігін асыра пайдаланды» деп айыптап, олардың әрекеті халықаралық келісімдерге деген сенімді шайқалтатынын жеткізді.

Арагчидің сөзінше, келісімді бірінші болып бұзған – АҚШ, ал Еуропа заңсыз санкцияларды қолдауды таңдады: «Оқиғалардың тізбегін бұзған АҚШ пен Еуропа. Қауіпсіздік кеңесі тұрақтылықтың кепілі болуы тиіс, ал олар оны қысым жасау құралына айналдырғысы келеді», – деді ол.

Хатта Қауіпсіздік кеңесі мүшелеріне Е3 бастамасын қолдамауға және диалогқа қайта оралуға шақыру жасалған.

Еске салсақ, бұған дейін Е3 Иранды «ядролық міндеттемелерін айтарлықтай орындамағаны үшін» айыптап, БҰҰ-ға «снэпбэк» тетігін іске қосқаны жөнінде ресми хабар берген. Бұл шешім 30 күн ішінде санкцияларды қалпына келтіру процесін бастайды.

Маусым айында Иран МАГАТЭ инспекторларын өз ядролық нысандарына кіргізуден бас тартқан болатын. Тегеран халықаралық агенттікті Израильдің барлау қызметіне құпия ақпарат беру арқылы «Иранның ядролық ғалымдарын әшкерелеп, кейін қастандыққа ұшыратты» деп айыптады.

Тэгтер:

Ресей Қытай Иран санкция