28 жастағы Рама Дуваджи – сириялық суретші, иллюстратор және керамика шебері. Бүгінде ол Нью-Йорктың болашақ бірінші ханымы атанып отыр. Бірақ Раманың өнерге, мәдениетке және қоғамға қосқан үлесі жұбайының саясаттағы жеңісінен әлдеқайда кең. Оның есімі Батыс медиасында “қазіргі буынның Диана ханшайымы” деп аталып жүр: себебі ол тек сырт келбетімен емес, шынайылығымен, көзқарасының батылдығымен және әлеуметтік әділетсіздікке қарсы үнін көтеруімен ерекшеленеді.
Балалық шағы мен білім жолы
Рама 1997 жылы АҚШ-тағы Хьюстон қаласында дүниеге келген. Оның ата-анасы Сириядан қоныс аударған эмигранттар еді. 9 жасында отбасы Дубайға көшеді, кейін Рама Вирджиния университетінің Катардағы Өнер мектебіне түсіп, Ричмондта бакалавр дәрежесін алады. 2024 жылы Нью-Йорктегі Көркем өнер мектебінде магистратураны тәмамдайды.
Өнерге деген сүйіспеншілігі бала кезден басталған. 13 жасында-ақ ол сурет салудың өз өміріндегі ең табиғи іс екенін түсінген. “Бұл — мен үшін жұмыс емес, мен тыныс алғандай сезінетін процесс,” — деген еді ол бір подкастында.
Өнері мен тақырыптары
Раманың шығармаларының басты өзегі — қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік, әйел рөлі, Таяу Шығыстағы соғыс пен әділетсіздік. Оның иллюстрацияларында сириялық әйелдер, мигранттар мен қарапайым адамдардың бейнелері жиі кездеседі. Суретші өз туындылары арқылы үнсіздердің даусын жеткізуді мақсат етеді.
Рама The New Yorker, The Washington Post, BBC және Vice сынды басылымдармен, сондай-ақ Apple, Spotify мен Tate Modern музейімен бірлесе жұмыс істеген. Ол көбіне цифрлық өнермен айналысқанымен, керамика бұйымдарын жасап, оларды өз иллюстрацияларымен әшекейлейді. Сонымен қатар, Дуваджи иллюстрация мен гончарлық өнер бойынша мастер-класстар өткізеді.
Рама үшін маңызды тақырыптардың бірі — өзін-өзі идентификациялау. Сириялық эмигрант отбасында туып, америкалық ортада өскен ол жиі “екеуінің ортасында” қалғандай сезінген. “Бала күнімде өзімді америкалықпын деп таныстыратынмын, бірақ есейе келе, өз түп-тамырымды түсінуге тырыстым,” — дейді ол. Бұл ізденіс оның өнеріне де ықпал еткен: суреттерінде мәдени аралық шекара, әйелдің ішкі әлемі мен қоғамдағы орны көрініс табады.
Саясат және жеке өмір
2021 жылы Рама Hinge танысу қосымшасында болашақ жары Зохран Мамданимен танысады. Мамдани — угандалық саясаткер отбасынан шыққан, ал бүгінде Нью-Йорктың жаңа мэрі. Олардың некесі 2024 жылы ресми түрде тіркеліп, жазда Угандада өткен дәстүрлі тоймен жалғасты.
Жолдасының сайлау науқаны кезінде Рама назардан тыс қалуға тырысты. Ол медиа назарын қаламай, жеке өмірін көлеңкеде ұстады. Бірақ CNN мен The New York Times мәліметінше, Дуваджи күйеуінің кампаниясында әлеуметтік желілер мен визуалды коммуникация бойынша кеңесші болған. Ал өзі арт-резиденцияларға қатысып, шығармашылығын жалғастырды.
Рама саясатқа ашық араласпаса да, өзінің азаматтық позициясын айқын көрсетеді. Оның еңбектерінде Палестинаны мойындау мен Израильдің Газа секторындағы әрекеттеріне сын жиі айтылады.
“Менің мақсатым — адамды саясатқа тарту емес, бірақ егер менің жұмысым біреуді ойландырса, бұл — қосымша жетістік. Өнердің өзі саясаттан тыс емес, себебі ол да қаржыландыру мен таралу арқылы жүйенің бөлігі,” — дейді ол.
Рама тек суретші ғана емес, стиль иконасына айналды. Зохран Мамданидің мэр ретінде алғашқы ресми сөзінде ол палестиналық дизайнер Зейда Хиджказидің топын киіп шықты. Бұл — саяси ұстанымның эстетикалық көрінісі еді. Оның киім стилі де символдық мәнге ие: батыл аксессуарлар, ерекше пішінді киімдер мен шығыстық нәзіктік үйлесімі — оның мәдени сәйкестігінің көрінісі.
Зохран Мамданидің жеңісінен кейін Рама Дуваджи әлеуметтік желілерде жаңа ұрпақтың символына айналды. Зумерлер оны “қазіргі буынның Диана ханшайымы” деп атайды.
Ол көпшілікке ұнауға тырыспайды — өз принциптері мен дүниетанымына адал. Оның бейнесі — тәуелсіз, саналы, мәдени тамырымен байланысын үзбеген жаңа заман әйелінің келбеті.