Пентагон Alibaba, Baidu және BYD компанияларын Қытай әскери тізіміне қосуды ұсынды

Бүгін, 22:42 / taulik
Фото: ашық дереккөз

АҚШ Пентагоны Қытайдың технологиялық алпауыттары – Alibaba, Baidu және электромобиль өндірушісі BYD компанияларын Қытай армиясына көмектеседі деп саналатын ұйымдар тізіміне қосуды жөн көрді. Бұл туралы Bloomberg дерегіне сүйенген Reuters хабарлайды.

Ақпаратқа қарағанда, АҚШ Қорғаныс министрінің орынбасары Стивен Файнберг 7 қазанда Конгресс өкілдеріне хат жолдап, аталған үш компанияны, сондай-ақ тағы бес қытайлық фирманы Пентагонның 1260H тізіміне енгізу қажеттігін мәлімдеген. Бұл оқиға АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин сауда келісіміне келіскеннен үш апта бұрын орын алған.

1260H тізімі – АҚШ заңнамасы бойынша «Қытайдың әскери-өнеркәсіп кешенін қолдайды» деп саналатын компаниялар тізімі. Бұл тізімге ену компанияларға тікелей санкция салмайды, бірақ олардың беделіне нұқсан келтіруі және америкалық серіктестер үшін қауіп туралы белгі болуы мүмкін.

Bloomberg дерегінше, аталған компаниялар тізімге нақты енгізілген-енгізілмегені әзірге белгісіз.

Alibaba өкілдері Reuters агенттігіне жолдаған хатында бұл шешімнің негізсіз екенін айтып, компанияның Қытайдың әскери стратегиясына қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ олар тізімге ену АҚШ-тағы бизнесіне әсер етпейтінін атап өтті.

Пентагон, Baidu және BYD басшылығы әзірге түсініктеме берген жоқ.

1260H тізімінің соңғы нұсқасы биыл қаңтарда жаңартылған еді. Ол кезде аталған тізімге Tencent пен аккумулятор өндіруші CATL сияқты 134 компания енгізілген.

Тэгтер:

АҚШ Пентагон ұсыныс қытай компаниялары әскери тізім