АҚШ билігі 19 еуропалық емес елден келетін иммиграциялық өтініштердің барлығын – грин-карт, азаматтық алу және мәртебе өзгерту процестерін – уақытша тоқтатты. Бұл туралы елдің Ішкі қауіпсіздік органдары жариялаған жаңа меморандумға сүйенген Reuters хабарлады.
Вашингтон мұндай шешімді ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық қауіпсіздікке қатысты күшейтілген тексерістермен түсіндіреді.
Аталған елдер тізіміне Ауғанстан, Сомали, Иран, Ливия, Судан, Йемен, Гаити, Бирма, Чад, Конго Республикасы, Эритрея және тағы бірнеше мемлекет кіреді. Бұлардың басым бөлігі бұған дейін де АҚШ-тың маусым айында енгізген ішінара немесе толық шектеулеріне түскен болатын.
Жаңа саясатқа сәйкес, бұл елдерден келген иммигранттардың барлық өтініштері қайта қаралады. Қажет болған жағдайда олардан қосымша сұхбат алу немесе толықтай қайта тексеру жүргізу міндеттеледі.
Бұл шешім Ұлттық гвардия сарбаздарына жасалған шабуылдан кейін қабылданды. Өткен аптада Вашингтонда болған оқиғаға байланысты ауған текті күдікті ұсталған еді. Бір гвардияшы қаза тауып, екіншісі ауыр жараланды.
Соңғы айларда Дональд Трамп әкімшілігі заңды иммиграцияға да бақылауды күшейтіп келеді. Бұған дейін федерал агенттері бірнеше ірі қалада рейд жүргізген, ал Мексика шекарасында пана іздеушілерді қайтару ауқымы кеңейген болатын.
АҚШ Иммиграциялық заңгерлер қауымдастығы елден түскен шағымдар көбейгенін айтады: тыйым салынған елдердің азаматтарына қатысты ант қабылдау рәсімдері, азаматтық сұхбаттары және мәртебе беру процестері жаппай кейінге қалдырылған.
Ресми құжатта бұл шаралар қауіпсіздік мақсатында уақытша енгізілгені айтылғанымен, сарапшылар Трамп әкімшілігінің иммиграция жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған ұзақ мерзімді жоспары бар екенін алға тартады.