Иранда аятоллалар режимі құлады ма?

Бүгін, 08:10 / taulik
Фото: ашық дереккөз

Иранда аятоллалар билігі күйреді, елде азаматтық соғыс басталды, ал «эмиграциядағы ханзада» көп азап шеккен халқына қарай жолға шықты. Алда тек жақсы күндер күтіп тұр: санкциялардан құтылу, Израильмен мәңгілік бейбітшілік, АҚШ-тың қамқор қанатының астындағы өмір.

Соңғы бір аптада Батыс медиасы дәл осындай сценарийді белсенді түрде алға тартып отыр. Ақпарат құралдары Ирандағы наразылықтардың күшейіп бара жатқанын жазады. Ал ирандық ресми басылымдар керісінше мәлімдейді: бәрі бақылауда, толқулар саябырсыды. Шындық, әдеттегідей, осы екі пікірдің ортасында жатқан секілді.

Халық наразылығының себептері бұған дейін де талданған. Алайда негізгі сұрақ ашық күйінде қалды: Ирандағы протест — үйреншікті «ұлттық дәстүр» ме, әлде билік үшін шынайы қауіп пе? Аятоллалар режимі қысымды күшейте ме, әлде белгілі бір деңгейде ырыққа көндіре ме? Және ең бастысы — Иранда монархияны қайта қалпына келтіру мүмкін бе?

Бұл сауалдарға біз ИНИОН РАН-ның Таяу және посткеңестік Шығыс бөлімінің қызметкері, тұрақты сарапшы Василий Останин-Головнямен бірге жауап іздеп көрдік.

Таяу Шығыстағы протест феномені

Аймақ үшін жаппай наразылық — тосын құбылыс емес, дейді сарапшы.
Адамдарды көшеге шығару аса қиын емес. Олар өткір әлеуметтік немесе экономикалық мәселеге тап болса, өздігінен-ақ шығады.

Алайда қарапайым толқулардың ірі саяси дағдарысқа ұласуы үшін сыртқы үйлестірушілер қажет. Иран жағдайында мұндай факторлардың бар екені байқалады. Мұның бір белгісі — батыс медиасында белсенді таралып жатқан «еркін, батыл, прогрессивті ирандық әйел» образы. Аятолланың жанып тұрған портретінен темекі тұтатқан әйел бейнесі — соның айқын мысалы.

«Біз жоғалтқан Иран»

Иранда наразылық акциялары мен перформанс арқылы өзін көрсету мәдениеті аса дамымаған. Ал протесттердің символына қайта-қайта әйелдердің айналуы — жасырын мессеж: «шах заманында өмір қандай керемет еді». Ол кезде бас жабу міндетті емес, қысқа юбка киюге болатын.

Мұндай көріністер ең алдымен батыстық аудиторияға бағытталған. Ол жақта бұл образдар жастарға да, аға буынға да жақсы қабылданады. Иранның өз ішінде де белгілі бір әсері бар, бірақ ол шектеулі. Негізінен, шетелге шыға алатын, жоғары білімді, ауқатты топтарға ықпал етеді.

Ал Иран халқының басым бөлігі — шағын қалалар мен ауылдарда тұратын консервативті тұрғындар. Ол жерлерде әйелдер революцияға дейін де басын жапқан, ал ерлер шахқа қарсы шығуға дайын болған.

Қысым күшейе ме, әлде босаңси ма?

Соңғы он жылдағы Таяу және Орта Шығыстағы үрдістерге қарасақ, наразылықтың өткір кезеңі әдетте қатаң күшпен басылады.

Сонымен қатар билік «екіұдай күйде тұрғандарды» өз жағына тартуға тырысуы мүмкін. Әлеуметтік төлемдер, дотациялар, қысқамерзімді экономикалық тұрақтандыру шаралары уәде етіледі.

Егер жағдай біршама тұрақталса, билік белгілі бір жеңілдіктерге баруы да ғажап емес. Мұндай жағдай 2022–2023 жылдары антихиджаб наразылықтарынан кейін де болған.

Монархияның қайта оралуы мүмкін бе?

«Монархияның қайта қалпына келуі — аса ықтимал сценарий емес», — дейді Останин-Головня. Оның үстіне, Шахзаде Реза Пехлевидің әкесінен айырмашылығы — ресми мәртебесі де, таққа заңды құқығы да жоқ.

«Эмиграциядағы ханзада» тақырыбына қатысты сарапшының пікірі де айқын:
Америка тарапы Пехлевидің қайтып келуін барынша насихаттауға тырысып жатыр. Бірақ ол елге оралған күннің өзінде және сырттан қолдау тапса да, басты сұрақ өзгермейді: ол билікте қанша уақыт ұсталып тұра алады және жергілікті элитадан нақты тірек таба ала ма?

Соңғы кезде ирандық парламент мүшелері Батыспен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру қажеттігін жиі айта бастады. Мақсат — санкцияларды жеңілдету, экономиканы түзету, жаңа ядролық келісімге қол жеткізу. Бәлкім, уақыт өте республика исламдық құрамдас бөліктен біртіндеп алыстап, қазіргі жүйенің кейбір элементтерін сақтай отырып, ұлттық сипаттағы, жұмсақтау басқару моделіне бет бұрар.

Тэгтер:

Иран режим