Иранда интернет толықтай бұғатталғаннан кейін күтпеген жайт болды: әлеуметтік желіде Шотландияның Ұлыбританиядан бөлінуін қолдап жүрген аккаунттар жаппай тына қалды.
UK Defence Journal басылымы X платформасындағы осындай он шақты аккаунтты жарты жылдан астам уақыт бойы бақылаған. Олардың барлығы Шотландияның тәуелсіздігін насихаттап, Лондон билігін қатаң сынға алған. Солардың бірі — өзін «мақтан тұтатын шотланд қызы» деп таныстырған Fiona есімді қолданушы. Ол Эдинбургтегі иммиграциялық рейдтер, университеттерде студенттерге қысым көрсетілуі туралы жалған ақпарат таратып, Ұлыбритания үкіметін айыптаған жазбалар жариялап отырған. Мәселен, Fiona биыл қыста Шотландия Англияға қарағанда тұмауға қарсы вакцинаны 20 пайызға аз алған деп мәлімдеген.
Алайда бейсенбі күні Иранда интернет толық өшірілген соң, Fiona кенеттен үнсіз қалды. Дәл осындай жағдай ондаған басқа аккаунттармен де қайталанған.
Басылымның мәліметінше, бұғаттауға дейін бұл парақшалар айтарлықтай радикалдана түскен. Мысалы, Jake деген никпен жазатын қолданушы қаңтардың басында Лондонда «қаржылық дүрбелең басталды» деген жалған жаңалықтар таратып, BBC-дің бір жүргізушісі ұсталды деп жазған. Оның айтуынша, әлгі тележүргізуші тұтқындалмас бұрын «Шотландияны әдейі тұншықтырды» деп мәлімдеген екен. Ал соңғы жазбасында Jake 8 қаңтарды «шотландтар үшін Біріккен корольдік өмір сүруін тоқтатқан күн» деп атаған.
X платформасындағы геолокация деректеріне сәйкес, бұл аккаунттардың иелері Еуропада орналасқан болып көрінеді. Алайда басылым олардың әкімшілерін Иранмен байланыстырады. Себебі Иранда интернет толық өшкен сәтте бұл парақшалардың барлығы бір мезетте жазба жариялауды доғарған. Бұған дейін де осындай жағдай 2025 жылдың маусымында байқалған: АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әуе соққылары кезінде елде интернет шатдаун болып, аталған аккаунттар тағы да үнсіз қалған.
Дезинформацияны талдаумен айналысатын Cyabra компаниясы Шотландия тәуелсіздігін қолдайтын аккаунттардың 26 пайызы жалған екенін анықтаған. Сондай-ақ бұл желі 13 маусымда Иранға жасалған әскери соққыдан кейін бірден жұмысын тоқтатқанын растаған.