Иранмен тығыз сауда байланысын сақтап отырған Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және Түркия АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамптың жаңа кедендік санкцияларының нысанасына айналуы мүмкін. Bloombergбасылымының жазуынша, дәл осы елдер Иранның басты сауда серіктестері саналады және осы себепті оларға 25 пайыздық баж салығын енгізу қаупі төніп тұр.
Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, 2024 жылы Иран мен Қытай арасындағы сауда айналымы 17,8 миллиард долларға жеткен. Иран өндірген мұнайдың шамамен 90 пайызы Қытай нарығына бағытталады. Бұл көрсеткіш Қытайды Иран экономикасындағы ең ірі сыртқы әріптеске айналдырып отыр.
Сауда көлемі бойынша екінші орында Біріккен Араб Әмірліктері тұр — екі ел арасындағы тауар айналымы 16,1 миллиард долларды құраған. Үшінші орында Түркия (8,8 млрд доллар), ал төртінші орында Үндістан (2,1 млрд доллар) орналасқан.
Еуропа елдері де бұл процестен тыс қалмайды. Германия мен Швейцарияның Иранмен жиынтық сауда айналымы шамамен 3,5 миллиард долларға жеткен. Бұл да еуропалық экономикалардың белгілі бір деңгейде тәуекел аймағында тұрғанын көрсетеді.
Bloomberg атап өткендей, Трамп қандай нақты мәмілелерге, тауарларға немесе ұйымдарға баж салығы салынатынын және оның қалай іске асырылатынын әзірге нақтылаған жоқ. Сонымен қатар Иранның сауда статистикасы айтарлықтай жабық күйде қалып отыр. Ел билігі санкциялардан айналып өту үшін шектеулі дерек жариялап, сауданы үшінші елдер арқылы жүргізуді әдетке айналдырған.