Оңтүстік Кореяда бұрынғы президент Юн Сок Ёльге өлім жазасын тағайындау мәселесі күн тәртібіне шықты. Ел прокуратурасы оны бүлік ұйымдастырды деген айыппен ең жоғары жазаға кесуді сұрады. Бұл туралы Yonhapагенттігі хабарлады.
Айыптау актісіне сәйкес, Юн Сок Ёль 2024 жылғы 3 желтоқсанда бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хён және өзге де тұлғалармен келісіп, елде әскери жағдай енгізу арқылы бүлікке арандату әрекетін жасаған. Тергеу деректерінде бұл шешімге соғыс қаупі, қарулы қақтығыс немесе ұлттық дағдарыс сияқты нақты себептер болмағаны ерекше атап өтіледі.
Бұған дейін Юн Сок Ёль әскери жағдай енгізу туралы шешімін «антиконституциялық бағыттағы оппозициядан» мемлекетті қорғау қажеттілігімен түсіндірген. Оның айтуынша, оппозициялық күштер үкіметтің жұмысын толықтай тұралатып тастаған. Алайда әскери жағдай бірнеше сағаттан кейін-ақ күшін жойды.
Осы оқиғадан кейін парламент президентке импичмент жариялауға екі рет әрекеттеніп, тек екінші талпынысында ғана бұл шешімді қабылдады. Ал Юн Сок Ёльді қызметінен түпкілікті шеттету туралы соңғы нүктені Конституциялық сот қойды.
Бұрынғы президент өзіне тағылған бүлік ұйымдастыру айыбын мойындамай отыр. Тергеу аясында оның жұбайы да қамауға алынғаны белгілі болды. Сот бұл іс бойынша түпкілікті үкімді ақпан айының басында жариялайды деп күтілуде.