Украинадағы соғысты тек Трамп тоқтата ала ма?

Бүгін, 15:01 / taulik
Фото: ашық дереккөз

Польша президенті Кароль Навроцкий Дональд Трампты Владимир Путиннің Еуропаға төндіріп отырған қатеріне тосқауыл қоя алатын жалғыз әлемдік көшбасшы деп атады. Бұл туралы ол Ұлыбританияға жасаған сапары барысында BBC арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Навроцкийдің айтуынша, Ресей президенті Владимир Путинге сенуге болмайды. Сол себепті еуропалық көшбасшылар Украинадағы соғысты тоқтату жолында АҚШ президентінің әрекеттерін барынша қолдауы тиіс.

Польша басшысы Вашингтонның Гренландияны аннексиялау туралы қоқан-лоқысына қарамастан, АҚШ-ты әлі де Еуропа қауіпсіздігінің басты кепілі деп санайтынын айтты. Оның пікірінше, Дональд Трамп қолдауға да, құрметке де лайық.

Навроцкий Ресейдің Еуропаға қарсы жүргізіп отырған гибридті соғысы аясында АҚШ президенті бұл түйткілді «шешуге қабілетті жалғыз тұлға» екенін атап өтті. Оның сөзінше, дәл Трамп қана Украинадағы соғысқа нүкте қоя алады.

Айта кетейік, Кароль Навроцкий президент болып сайланбай тұрып-ақ Дональд Трамптың ашық жақтаушысы ретінде танылған. Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы шетелдік сапарын да ол дәл АҚШ-тан бастаған.

Тэгтер:

Ресей Украина соғыс Трамп польшапрезиденті