Трамп Зеленскийден айналып, Путинге жақтасып отыр ма?

Бүгін, 09:12 / taulik
фото: ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы ықтимал бейбіт келісімге кедергі келтіріп отырған тарап Ресей емес, Украина екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, келіссөздердің созылуына Владимир Зеленский себеп болып отыр.

Бұл туралы Трамп Reuters агенттігіне Ақ үйдегі Оваль кабинетінде берген эксклюзив сұхбатында айтты. АҚШ президентінің сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин өзі бастаған және төрт жылға жуық уақытқа созылған соғысты аяқтауға дайын көрінеді.

«Менің ойымша, ол келісімге келуге дайын, – деді Трамп Путин туралы. – Ал Украина келісімге әлдеқайда аз дайын сияқты».

АҚШ-тың араағайындығымен жүргізіліп жатқан келіссөздер неге Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең ірі әскери қақтығысты тоқтатуға әлі күнге дейін алып келмегені туралы сұраққа Трамп бір ауыз сөзбен жауап берді: «Зеленский». Нақтылай түскен сауалдан кейін ол:

«Меніңше, оған бұл қадамға бару қиын», – деп қосты.

Трамптың бұл мәлімдемесі Еуропадағы одақтастардың ұстанымымен түбегейлі қайшы келеді. Еуропалық көшбасшылардың басым бөлігі Мәскеу Украинадағы соғысты тоқтатуға шын мәнінде мүдделі емес деп есептейді.

Осылайша, АҚШ президентінің риторикасы Украинадағы соғысқа қатысты халықаралық пікірталаста жаңа қайшылықтарды айқындап отыр.

Тэгтер:

Ресей Украина Путин АҚШ соғыс Трамп Зеленский келісім