Сын жазылса оқимын, сабақ аламын — әнші Yenlik

Бүгін, 09:37 / taulik
Фото: Youtube арнадан алынған сурет.

Zamandas подкастында өнер иесі музыкалық индустриядағы алғашқы қадамдары туралы ашық әңгіме өрбітті. Yenlik-тің айтуынша, шығармашылық жолының басында ол TikTok-та қатты хейтке тап болған. Бұл жағдай ақыры аккаунтын өшіруге дейін апарған. Дегенмен әнші сынның бәрін бірдей теріс қабылдамайтынын айтады.

«Негізді, мәдениетті сын болса — міндетті түрде оқимын. Ондай пікірлерден сабақ алуға тырысамын», — дейді ол.

Жуырда Yenlik әлеуметтік желіде өзіне ерекше маңызды жаңалығын айтты. Ол халықаралық музыкалық платформа — COLORS жобасына қатысқан. Осылайша, Yenlik аталған алаңда өнер көрсеткен Қазақстаннан шыққан алғашқы орындаушы атанды. COLORS платформасы әлемге аутентика мен тірі орындауды алға тартатын жобаларымен танымал.

Әнші қарапайым отбасында өскен. Әкесі электромонтер болып жұмыс істеген, ал анасы ауылдағы азық-түлік дүкенінде сатушы болған. Соған қарамастан, үйде әрдайым шығармашылық рух сезілетінін Yenlik ерекше ықыласпен еске алады. Әкесі қазақ тілінде өлеңдер мен әндер жазып, домбыраны жақсы тартқан, өзі де ән айтқан.

«Әкемнің тұтас ән жинақтары бар. Бірақ олар ешқашан достар мен таныстардың шеңберінен шықпады», — дейді әнші.

Yenlik өзінің музыкаға, сахнаға деген сүйіспеншілігін дәл осы отбасындағы ортадан іздейді. Ол бала кезінен ән айтып, мектептегі концерттерге қатысып, біртіндеп өз жолын қалыптастырған. Бастысы — өзіне адал болып қалу, өзгелердің күткен бейнесіне сай болуға тырыспау.

«Менің ойымша, қарапайымдылығым маған көмектеседі. Сол қасиетім мені ерекшелендіреді. Мен өзім емес адам болып көрінуге тырыспаймын», — дейді әнші Yenlik.

Тэгтер:

жоба әнші Yenlik COLORS платформасы