АҚШ-тың жуырда жарияланған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы Вашингтонның соңғы ондаған жыл бойы ұстанып келген сыртқы саясатына түбегейлі түзету енгізді. Бұл құжатты жай ғана кезекті доктрина деп қарау — үлкен қателік. Өйткені мұнда «Америка бәрінен бұрын» ұраны алғаш рет ашық, цинизмнен жасырынбай, идеологиясыз, тек жалаң мүдде тұрғысынан жүйеленген.
Құжатта қазіргі әлем АҚШ-қа түбегейлі жау орта ретінде сипатталады. Авторлардың пайымынша, ондаған жыл бойы әлем америкалық либерал элиталардың «наивтілігі мен идеализмін» пайдаланып келген. Ал жаһандану, еркін сауда, халықаралық ұйымдар мен одақтар АҚШ-тың қуатын арттырудың орнына, керісінше, оның өндірістік базасын әлсіретіп, орта тапты күйретіп, елді бәсекелестерге тәуелді еткен.
Осы тұста Дональд Трамп дәуірінің басты айырмашылығы айқын көрінеді. Ол бұрынғыдай халықаралық тәртіпті «реформалауға» немесе «қалпына келтіруге» тырыспайды. Керісінше, сол тәртіпті қиратып, оның орнына АҚШ-қа ғана тиімді жаңа жүйе орнатуды көздейді. Бұл — империялық ойлау логикасының ашық қайтып келуі.
Жаңа стратегияда АҚШ ресми түрде демократия экспортынан, «әлемдік жандарм» рөлінен және моральдық үстемдік туралы әңгімелерден бас тартады. Құжатта «кез келген ел, кез келген мәселе АҚШ назарында болуға міндетті емес» деп ашық жазылған. Бұл — халықаралық қатынастардағы ірі моральдық шегініс қана емес, геосаяси реализмнің шектен шыққан формасы.
АҚШ өзін әлемдік гегемон ретінде сақтағысы келеді, бірақ енді бұл рөлді бұрынғыдай құндылықтар арқылы емес, қатаң макиавеллистік әдістермен жүзеге асырмақ. Экономикалық қысым, санкция, технологиялық шектеу, доллар үстемдігі — мұның бәрі тек қарсыластарға емес, қажет болса, «тәртіпке көнбейтін» одақтастарға да қолданылатын құралға айналады.
Жаңа стратегиядағы ең даулы тұстардың бірі — геосаяси жіктеу. Қытай АҚШ үшін басты экзистенциялық қарсылас ретінде анықталған. Ал Ресей, керісінше, әлеуетті серіктес ретінде қарастырылады. Еуропалық Одақ болса, енді одақтас емес, саяси әрі экономикалық бәсекелес ретінде сипатталады. Құжатта ЕО-ның бюрократиялық құрылымдары Еуропаның өзін әлсіретіп, демократиялық процестерді тұншықтырып отыр деген тұжырым жасалады.
Стратегияның өзегінде «ұлттық қауіпсіздік» ұғымы тұр. Бірақ ол тек әскери қауіпсіздікпен шектелмейді. Экономика, сауда балансы, миграция, мәдени және өркениеттік тұтастық — бәрі қауіпсіздік категориясына енгізілген. Трамп логикасында сауда тапшылығы — жай ғана экономикалық көрсеткіш емес, ұлттық әлсіздіктің белгісі, тіпті территория жоғалтумен пара-пар құбылыс.
Сол себепті реиндустриализация енді экономикалық саясат емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырылады. АҚШ өз ішінде болаттан бастап оқ-дәріге, жартылай өткізгіш чиптерге дейін бәрін өзі өндіруге қабілетті болуы тиіс. Энергетика да осы логикаға бағынады. Климаттық күн тәртібі, «нөлдік эмиссия» идеясы қоқысқа тасталып, мұнай, газ, көмір мен атом энергетикасы стратегиялық ресурс мәртебесіне қайта ие болады.
Миграция мәселесі де түбегейлі қайта түсіндірілген. Жаппай миграция енді гуманитарлық немесе әлеуметтік құбылыс емес, сыртқы басқыншылықтың бір түрі ретінде қарастырылады. Шекараны қорғау абсолютті басымдыққа айналады. Сонымен қатар «woke» идеологиясы, DEI бағдарламалары қоғамды іштен ірітіп, АҚШ-ты әлсірететін фактор ретінде сипатталады.
Сыртқы саясатта АҚШ енді кез келген режиммен — демократия болсын, диктатура немесе монархия болсын — ынтымақтасуға дайын. Мұнда саяси жүйе емес, бір ғана сұрақ маңызды: бұл серіктестік АҚШ-қа пайдалы ма, жоқ па? Альянстар құндылықтарға емес, мәмілеге негізделген бизнес-келісімге айналады.
НАТО да осы логиканың құрбаны. Альянс біртіндеп ортақ құндылықтарға сүйенген құрылымнан ақылы қауіпсіздік қызметіне айналып барады. АҚШ одақтастардан қауіпсіздік жүгін өз мойнына алуды талап етеді. Кім көбірек төлесе, соған көбірек артықшылық беріледі.
Бұл стратегия — АҚШ-тың әлемге «біз бұрынғыдай болмаймыз» деген ашық ескертуі. Либерал әлем тәртібінің дәуірі аяқталды. Оның орнына ымырасыз, суық есепке құрылған, күш пен мүддеге ғана сүйенген жаңа империялық кезең басталуда.