Германияда зейнет жасын 70-ке дейін ұлғайту мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Бұл бастаманы Бундестагтағы ХДС/ХСС фракциясының жастар қанатының жетекшісі Паскаль Реддиг көтерді.
Саясаткердің айтуынша, зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер қоғамның барлық мүшесіне бірдей әділ болуы керек. Оның пікірінше, әлеуметтік жүктеме тек жастардың мойнына артылмай, баршаға тең бөлінуі тиіс.
Қазіргі таңда Германияда ресми зейнет жасы – 67. Ал 63 жастан бастап ерте зейнетке шығуға мүмкіндік бар, бірақ ол үшін кемінде 35 жыл еңбек өтілі талап етіледі және зейнетақы көлемі айтарлықтай қысқарады.
Реддиг осы тетікті қайта қарауды ұсынып отыр. Ол ерте зейнетке шығу шарттарын қатаңдату, ал төлем мөлшерін азайту қажет деп санайды. Сонымен қатар, болашақта 63 жаста зейнетке шығу мүмкіндігін мүлде алып тастау керек деген пікір айтты.
Депутат халықтың өмір сүру ұзақтығы артқанын ескере отырып, зейнет жасын кезең-кезеңімен 70-ке дейін көтеру орынды екенін жеткізді. Бұдан бөлек, ол зейнетақыны индексациялау жүйесін де өзгертуді ұсынып отыр. Оның пайымдауынша, зейнетақы жалақы өсіміне емес, инфляция деңгейіне байланысты есептелуі тиіс.
"Бұл тәсіл әділетті әрі мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайтады. Алдағы жылдары зейнетақыны бұрынғыдай жаппай көтеру мүмкін болмайды. Әйтпесе бүкіл зейнетақы жүйесі дағдарысқа тірелуі мүмкін", – деді Паскаль Реддиг.