Ғалымдар сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардың қай емге жақсы жауап беретінін алдын ала болжай алатын қарапайым қан талдауын әзірледі. Бұл жаңалық жыл сайын әлем бойынша екі миллионнан астам адамға диагноз қойылатын ең кең таралған онкологиялық ауруды емдеуде бетбұрыс жасауға мүмкіндік беруі мүмкін.
Соңғы онжылдықтарда сүт безі қатерлі ісігін емдеу тәсілдері айтарлықтай жетілдірілгенімен, нақты қай емнің қай науқасқа тиімді болатынын анықтау әлі де күрделі мәселе болып отыр. Енді Лондондағы Қатерлі ісікті зерттеу институтының (Institute of Cancer Research, ICR) ғалымдары ұсынған «сұйық биопсия» әдісі бұл белгісіздікті азайтуы ықтимал.
Жаңа тест қанда айналып жүретін ісік ДНҚ-сын (circulating tumour DNA – ctDNA) анықтайды. Бұл ДНҚ бөлшектері қатерлі ісік жасушалары тарапынан қанға бөлініп шығады. Ғалымдар 167 науқастың қан үлгілерін зерттеп, ctDNA деңгейін ем басталар алдында және алғашқы емдеу циклінен кейін, төрт апта өткен соң өлшеген.
Зерттеу нәтижесі ctDNA деңгейі төмен болған науқастардың емге жақсы жауап беретінін көрсетті. Мұндай байланыс ем басталғанға дейін де, төрт аптадан кейін алынған талдауларда да анық байқалған.
Зерттеудің жетекші авторы, ICR клиникалық зерттеу жөніндегі маманы Айзульт Браунның айтуынша, бұл тест дәрігерлерге емнің тиімді-тиімсіз екенін өте ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
«Қандағы ісік ДНҚ-сын өлшейтін қарапайым талдау сүт безі қатерлі ісігінің емге қалай жауап беретінін алдын ала болжауға көмектеседі. Егер біз мұны емнің басында немесе алғашқы төрт апта ішінде білсек, науқасқа әсер етпейтін дәрілерді бермей, балама жолдарды дер кезінде таңдауға мүмкіндік туады», – дейді ол.
Мысалы, мұндай жағдайда науқасқа басқа нысаналы терапия, бірнеше препараттың комбинациясы ұсынылуы немесе жаңа дәрілер сыналып жатқан клиникалық зерттеуге қатысу мүмкіндігі берілуі мүмкін.
Зерттеу барысында науқастар екі топқа бөлінді. Бірінші топқа белгілі бір генетикалық мутациялары (ESR1, HER2, AKT1, AKT немесе PTEN) бар және сол мутацияларға сәйкес нысаналы ем алған адамдар кірді. Екінші топты сүт безінің ең агрессивті түрлерінің бірі саналатын, барлық жағдайдың 10–15 пайызын құрайтын үш есе теріс (triple negative) қатерлі ісікке шалдыққан науқастар құрады. Бұл топқа olaparib және ceralasertib препараттарының комбинациясы қолданылды.
Екінші топта ctDNA деңгейі төмен болған науқастарда аурудың асқынбайтын кезеңі орта есеппен 10,2 айға созылған. Ал ctDNA деңгейі жоғары адамдарда бұл көрсеткіш небәрі 4,4 ай болған. Сонымен қатар емге нақты жауап берген науқастар үлесі ctDNA төмен адамдарда 40 пайызға жетсе, жоғары деңгейлі топта 9,7 пайыздан аспаған.
Алғашқы төрт аптадан кейін жүргізілген қан талдауы да маңызды нәтиже көрсетті. Бірінші топта ctDNA анықталмаған науқастарда ауру 10,6 ай бойы бақылауда сақталған, ал ctDNA әлі байқалған адамдарда бұл көрсеткіш 3,5 аймен шектелген.
Екінші топта да ұқсас жағдай байқалды: ctDNA жойылған науқастарда ауру 12 ай бойы асқынбаған, ал ctDNA сақталған жағдайда бұл мерзім 4,3 ай болған.
ICR-дің молекулалық онкология профессоры әрі Royal Marsden ауруханасының онкологы Николас Тёрнер бұл әдіс тек асқынған емес, ерте кезеңдегі сүт безі қатерлі ісігінде де тиімді болуы мүмкін екенін айтады.
«Сұйық биопсия емдеу шешімдерін жылдамырақ, жеке ерекшелікке сай және анағұрлым тиімді қабылдауға жол ашады», – дейді профессор.
Зерттеу Breast Cancer Now, Cancer Research UK және Ұлыбританияның бірқатар медициналық зерттеу қорларының қолдауымен жүргізілген.