АҚШ пен Иран арасындағы геосаяси шиеленіс қайтадан қыза түсті. Бұл жолы АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесі әлемдік қоғамдастықты алаңдатып отыр. Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумнан қайтып келе жатып, Air Force One бортында журналистерге берген сұхбатында Трамп Тегеран бағытында қозғалып жатқан америкалық әскери флот жайлы ашық айтты.
«Білесіздер ме, сол бағытта көптеген кемелеріміз бет алып бара жатыр — жай ғана сақтық үшін. Бұл — алып флотилия. Не боларын көреміз. Мен ештеңе болмай-ақ қойса деймін», – деді АҚШ президенті.
Бұл сөздер жай ғана риторика емес, олар АҚШ Қорғаныс министрлігінің бұрынғы мәлімдемелерімен де сәйкес келеді. Расында, Таяу Шығыс аймағына авианосецтен тұратын соққы жасаушы топ және басқа да әскери бөлімшелер жөнелтілгені расталды. Әскери техника қатарында – «USS Abraham Lincoln» атты алып авианосец, эсминецтер мен түрлі жойғыш ұшақтар бар.
Бұл ауқымды әскери қозғалыс, бір қарағанда, нақты шабуыл алдындағы дайындық секілді көрінуі мүмкін. Алайда Трамп бұл әрекетті «сақтық шарасы» деп түсіндіріп, соғыстың басталуы әлі де болжам екенін айтты.
«Бізде армада бар. Бізде алып флот бар, бірақ мүмкін, оны мүлде қолданудың қажеті болмайтын шығар. Көреміз», — деді ол.
Трамптың бұл сөздері – әрі күш көрсету, әрі жағдайды дипломатиялық жолмен шешуге үміт бар екенін білдіретін екіұшты сигнал. Бір жағынан, АҚШ Иранның ықтимал агрессиясына дайын екенін көрсетіп отыр. Екінші жағынан, Трамп әскери күшті қолданбауға үміт артып, шиеленісті ушықтырмауға тырысып жатқандай.
Сарапшылар мұндай мәлімдемелерді «психологиялық қысым көрсету» тәсілі деп бағалауда. Яғни, Вашингтон Тегеранға өз саясатын өзгерту туралы ескерту жасап отыр. Сонымен қатар, бұл әрекет аймақтағы АҚШ-тың одақтастарына қолдау көрсету әрі Иранның ықтимал шабуыл әрекеттерін болдырмау мақсатын да көздейді.
Аймақтық тұрақсыздық кезеңінде мұндай әскери әрекеттер мен саяси риторикалар Таяу Шығыстағы ахуалды одан сайын күрделендіріп жіберуі мүмкін. Ал әлем назары Трамптың келесі қадамына ауып отыр. Соғыс бола ма, әлде дипломатия жеңе ме? Бұл – алдағы күндердің еншісінде.