«Маған халықаралық заңдардың керегі жоқ. Мені тоқтата алатын тек бір ғана нәрсе бар, ол – менің жеке моралдық ұстанымым», – деді Дональд Трамп New York Times басылымына берген сұхбатында. Бұл сөздердің астарында АҚШ президентінің жаңа әрі өршіл мақсаты жатыр: ол мақсат – Гренландия. Трамптың пайымдауынша, бұл алып аралды бақылау Американың ұлттық қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Алайда, бұл ұмтылыс тек дипломатиялық дау емес, бүкіл Солтүстік Атлантикалық альянстың (НАТО) болашағына қауіп төндіретін үлкен геосаяси текетіреске ұласып барады.
Американың Гренландияға деген қызығушылығы кеше ғана пайда болған жоқ. Оның тамыры 1867 жылға, Алясканы сатып алу туралы келіссөз жүргізген Уильям Сюардтың заманына кетеді. Сюард сол кездің өзінде Даниядан Гренландия мен Исландияны сатып алуды ұсынған болатын. Содан бері арал Американың стратегиялық ойлау жүйесінде Солтүстік жарты шарға үстемдік етудің кілті ретінде қарастырылып келеді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Гарри Трумэн әкімшілігі де Данияға арал үшін 100 миллион доллар алтын ұсынды, тіпті оны Аляскадағы мұнайлы жерлерге айырбастауды да ойластырды. Дания бұл ұсыныстарды қабылдамаса да, 1951 жылы екі ел арасында қорғаныс келісімі жасалып, АҚШ аралда ондаған әскери база тұрғызды. Қырғи қабақ соғыс кезінде мұнда 10 мыңнан астам американдық сарбаз орналасты, бұл сол кездегі арал халқының 30 пайызы еді.
Гренландияның қазіргі маңызы екі факторға негізделген: әскери стратегия және табиғи байлық. Мұндағы Питуффик (бұрынғы Туле) ғарыш базасы – АҚШ-тың Солтүстік полюс арқылы келетін баллистикалық зымырандарды бақылайтын «көзі мен құлағы». Бұл базасыз Вашингтонның ядролық шабуылға жауап беру уақыты едәуір қысқарып, елдің қауіпсіздігіне нұқсан келер еді. Сонымен қатар, Гренландия Ресейдің Солтүстік флотының ашық мұхитқа шығуын бөгеп тұрған «батырылмайтын авианосец» іспетті.
Экономикалық тұрғыдан алсақ, аралдың мұз құрсауының астында стратегиялық шикізаттың орасан зор қоры жатыр. Мұнда Еуропалық Одақ пен АҚШ үшін өте маңызды сирек кездесетін элементтер мен минералдардың 25-тен астам түрі бар. Қытай бұл байлыққа қол жеткізу үшін «Полярлық Жібек жолы» жобасын ұсынып, әуежайлар мен кен орындарын бақылауға тырысты. Алайда Вашингтонның қысымымен Дания бұл әрекеттердің жолын кесіп тастады.
Трамптың Гренландияны күшпен болса да иелену туралы риторикасы Еуропа елдерін қатты алаңдатып отыр. Франция, Ұлыбритания, Германия бастаған бірқатар мемлекеттер аралды қорғау үшін өз әскерлерін жіберуге шешім қабылдады. Бұған жауап ретінде Трамп еуропалық тауарларға баж салығын енгіземіз деп қоқан-лоқы көрсетті.
Ең қызығы, Трамп БҰҰ сияқты көпжақты институттарды айналып өтіп, «Бейбітшілік кеңесі» атты жаңа формат ұсынды. Бұл кеңеске ол Владимир Путин мен Александр Лукашенконы шақырды, бірақ Еуроодақтың негізгі елдері бұл шақырудан бас тартты. Бұл қадам Еуропаны іштей ыдыратып, АҚШ-тың батыс жарты шардағы толық үстемдігін орнатуды көздейтін стратегияның бір бөлігі сияқты көрінеді.
Аралдың 57 мың тұрғыны (негізінен инуиттер) үшін бұл геосаяси ойын – екіжүзді қылыш. 2025 жылғы сауалнамалар көрсеткендей, гренландықтардың 84%-ы тәуелсіздікті қалайды. Бірақ олар Данияға тәуелділікті Америкаға тәуелділікке айырбастағысы келмейді: респонденттердің 85%-ы Копенгагенмен еркін қарым-қатынасты артық көреді.
Басты кедергі – экономика. Гренландия бюджетінің 50%-дан астамы Даниядан келетін 600 миллион долларлық субсидиядан тұрады. Трамп бұл шығынды өз мойнына алуға дайын екенін білдірді, бірақ жергілікті билік аралды сату идеясын түбегейлі жоққа шығарып, тек серіктестікке ғана дайын екенін айтуда.
Трамп үшін Гренландияны иелену – тек қауіпсіздік мәселесі емес, бұл оның тарихтағы орнын айқындайтын жеке амбициясы. АҚШ аумағын бірден 22%-ға кеңейту оны американдық «пантеонның» төріне шығаруы мүмкін. Алайда, бұл жеке мүдде мен «эгоистік импульстер» әлемдік тәртіпті өзгертіп, НАТО-ның іргесін шайқалтып жатыр. Арктиканың мұздары еріген сайын, бұл аймақтағы «ыстық» шайқас та қыза түспек.