XIX ғасырда еуропалық империялардың экспансиясы бүкіл әлемді шарпып, Африка мен Азия құрлықтарын отарлық иеліктерге айналдырды. Британия, Франция және Германия секілді алпауыттар байлыққа кенелудің төте жолы ретінде алыс аймақтарды бөліске салды. Алайда, Оңтүстік-Шығыс Азияның картасында көршілерінің барлығы дерлік еуропалықтардың қол астына өтсе де, өз егемендігін сақтап қалған бірегей мемлекет болды. Ол — бүгінгі Таиланд, сол кездегі Сиам.
XIX ғасырдың басында Сиам Үнді қытайдағы доминантты күш болды: ол Лаосты толық бақылап, Камбоджаға протекторат орнатқан еді. Бірақ еуропалықтардың келуімен жағдай түбегейлі өзгерді. Сиам билеушілері, әсіресе Чакри әулеті, алғашқы күннен бастап прагматикалық саясат ұстанып, португалдармен, голландтармен және француздармен сауда қатынастарын белсенді дамытты.
Сиамның аман қалуының басты себептерінің бірі — оның географиялық орналасуы. Британия көршілес Бирманы (Мьянма) жаулап алса, Франция Вьетнам мен Камбоджаға өз билігін жүргізді. Сиам осы екі алпауыттың арасындағы «буферлік мемлекет» рөлін шебер ойнады. Лондон мен Париж арасындағы тікелей әскери қақтығысты болдырмау үшін Британияға Сиамның тәуелсіз болғаны тиімдірек еді.
Сиам патшалары елді сақтап қалу үшін ауыр болса да, стратегиялық жеңілдіктерге баруға мәжбүр болды. Рама IV патша Британиямен соғысудың жеңіліспен аяқталатынын түсініп, 1851 жылы сауда пошлиналарын төмендетуге және британдықтарға экстерриториалды құқықтар беруге келісті. Бұл ұлттық намысқа тигенімен, Бирманың тағдырын қайталамаудың жалғыз жолы еді.
Оның ісін жалғастырған Рама V патша дипломатиялық шеңберді одан ары кеңейтті. 1897 жылы ол Еуропаға ұзақ сапар жасап, Британия мен Франциядан бөлек, Ресей мен Германиямен байланыс орнатты. Бұл Сиамның әлемдік сахнада жауы жоқ екенін және кез келген мемлекетпен тең дәрежеде келіссөз жүргізе алатынын көрсетті. 1896 жылғы англо-француз конвенциясы Сиам аумағында бір-бірінің келісімінсіз әскери іс-қимыл жасамауға кепілдік берді.
Әрине, тәуелсіздікті сақтаудың өз құны болды. Сиам Францияның қысымымен Лаостан бас тартып, Меконг өзенінің батыс жағалауын демилитаризациялауға мәжбүр болды. Сондай-ақ, Камбоджадағы екі провинциясын да француздарға берді. Дегенмен, бұл шегіністер мемлекеттің тұтастығын сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Таиландтың отарланбауы жай ғана сәттілік емес, бұл — билеушілердің өз күшін дұрыс бағалай білуі мен икемді дипломатиясының жемісі. Көршілес Вьетнам тәуелсіздік үшін 8 жыл қанды соғыс жүргізсе, Сиам бейбіт жолмен аман қалды. Бүгінде бұл тарихи шешімдер тай халқы үшін үлкен мақтаныш көзіне айналған.