Чебурашка vs Z-патриоттар: Ресей киносындағы идеологиялық дағдарыс

10 ақпан, 2026 / taulik
Фото: ашық дереккөзден алынды

Қазіргі Ресейдің киноиндустриясы таңқаларлық парадоксқа тап болды: мемлекет «патриоттық» тәрбие мен соғыс тақырыбына миллиардтаған қаржы бөліп жатқанда, көрермен жаппай кеңестік ертегілердің ремейктеріне ағылуда. Ресейлік кинотеатрлар жаңажылдық кассада кезекті рекордтарды орнатты, бірақ бұл «импортты алмастыру» жеңісі емес, халықтың қатал шындықтан қашуы – эскапизмнің айқын көрінісі. «Чебурашка», «Буратино» және «Простоквашино» сияқты отбасылық фильмдерді тамашалаған 20 миллионнан астам көрермен – бұл тек кино сүйер қауым емес, күнделікті күйзеліс пен антидепрессанттардан шаршаған, ертегі әлеміне тығылғысы келетін қоғам.

Эскапизм –​​​​​​​ қоғамдық диагноз ретінде

Сарапшылардың пікірінше, Ресейдегі киноэскапизмнің белең алуы –​​​​​​​ елдегі бес жылға жуықтап қалған соғыс пен ауыр экономикалық жағдайдың тікелей салдары. Мемлекеттік насихат майдандағы «жетістіктерді» қаншалықты дәріптегенімен, азаматтар аптекалардан антидепрессанттар сатып алу бойынша рекордтар орнатып, кинотеатрларда саясатсыз, бейбіт өмірдің бейнесін іздейді. Культуролог Ян Левченконың айтуынша, ертегілердің саны жыл сайын артып, ал реалистік немесе заманауи оқиғалардың азаюы – халықтың шынайы өмірден жасырынуға деген ұмтылысын көрсетеді. «Чебурашка» фильмінің 9,5 миллиард рубль жинауы –​​​​​​​  бұл тек қаржылық табыс емес, халықтың «киноертегі арқылы ұмытылу» қажеттілігінің көрсеткіші.

Z-патриоттар мен Дугиннің «демондары»

Алайда, ресейліктердің мұндай «ертегіге қашуы» соғысты жақтайтын «Z-патриоттардың» қатаң наразылығын тудырды. Олар мұны идеологиялық вакуум және қауіпті диссонанс деп есептейді. Әсіресе, кремльдік идеолог, философ Александр Дугиннің мәлімдемелері қоғамды таң қалдырды. Оның пайымдауынша, Чебурашка мен крокодил Гена –​​​​​​​ жай ғана кейіпкерлер емес, Кеңес Одағының ыдырауына себеп болған «көне мысырлық Сет құдайының» және «Ай демонының» кейіптері. Дугин Чебурашканың пайда болуын кеңестік сананың ыдырауымен, инфантилизммен және мещандық құндылықтарға өтумен байланыстырады. Патриоттық орта үшін бұл кейіпкер –​​​​​​​ идеологиялық жау, өйткені ол нағыз «Z-батырлардың» орнын басып жатыр.

Кеңестік ностальгия –​​​​​​​ мемлекеттік идеологияның тірегі

Ресейлік кинодағы ертегілердің барлығы дерлік кеңестік сюжеттердің ремейктері екені кездейсоқ емес. Кремль ондаған жылдар бойы «КСРО-да бәрі керемет болған» деген ностальгияны насихаттап келеді. «Артқа, өткенге!» формуласы қазіргі Ресейдің мемлекеттік идеологиясына айналды. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі ресейлік бірегейлік (идентичность) тек осы кеңестік ностальгия аясында ғана өмір сүреді, оның болашаққа деген ұмтылысы немесе бүгінгі күні туралы түсінігі жоқ. Сондықтан да «Чебурашка» немесе «Дядя Федор» сияқты жобалар «жоғалған жұмаққа» оралудың символы ретінде сатылады.

Миллиардтар жұмсалған «патриоттық» сәтсіздік

Мемлекет «патриоттық тәрбиеге» бөлінетін шығындарды 13 есеге арттырып, 2025 жылы бұл көрсеткішті 66,5 миллиард рубльге жеткізді. Тек кино саласына Мәдениет министрлігі 4 миллиард рубльден астам қаржы бөлмек. Алайда, бұл орасан зор ақшаға түсірілген «СВО» (арнайы әскери операция) туралы фильмдерді көрермен тамашалауға асығар емес. Көптеген насихаттық фильмдер тіпті кинотеатрларға шықпай, бірден теледидардан көрсетіледі. Бұған себеп –​​​​​​​  сапаның төмендігі және жемқорлық. Продюсерлер ақшаны өндіріс кезеңінде-ақ «бөліп алып», нәтижесінде көрерменге қызықсыз, «нашар сценариймен» түсірілген өнімді ұсынады. Халық мұндай туындыларға Кинопоиск сайтында ең төменгі бағаларды беріп жатыр.

Нагиевтің «ащы шындығы» және киноның болашағы

Кино саласындағы бұл дағдарысты актер Дмитрий Нагиев «Елки-12» фильмінің тұсаукесерінде ашық айтты. Ол көрермендердің бұл фильмге келуін шетелдік контенттің жоқтығымен, яғни «басқа амалдың жоқтығымен» байланыстырды. Бұл сөз Z-патриоттардың ашуын туғызып, актерді «өшіру» (отмена) туралы талаптар қойылды. Бірақ сарапшылар Нагиевтің тек шындықты айтқанын, Ресейде шетелдік киноның жағдайы мүшкіл екенін растайды. Украинаға басып кіргеннен кейін әлемдік киностудиялар Ресей нарығынан кетті, ал қазіргі көрсетілімдердің көбі –​​​​​​​  пираттық немесе цензурадан өткен туындылар. Болашақта ресейлік киноман тек торрент-сервистерге сеніп, ал мемлекет ешкімге керек емес насихаттық киноға миллиардтарды шаша бермек.

Осылайша, Ресейдің кино экрандарында қазір екі дүние арпалысып жатыр: бірі –​​​​​​​  халықтың жан тыныштығын іздеген ертегісі, екіншісі –​​​​​​​  мемлекеттің зорлап таңғысы келетін соғыс идеологиясы. Бірақ «Чебурашканың» кассалық табысы көрсеткендей, халық идеологиядан гөрі, иллюзиялық болса да, бейбіт өмірдің бейнесін таңдап отыр.

Тэгтер:

кино ресейлік дағдарыс Чебурашка идеология