Сәуір айында электр энергиясы тарифтерінің өсуіне қойылған мораторий мерзімі аяқталады. Осыған байланысты LS салалық сарапшы Жақып Хайрушевтің пікірін біліп, биыл жарық бағасы қаншалықты өзгеруі мүмкін екенін сұрады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарушы директорының айтуынша, 2026 жылдың екінші тоқсанында тарифтердің өсуі мүмкін деген сауал бизнес өкілдері мен өңірлер үшін орынды. Дегенмен ол күрт әрі бір сәттік қымбаттау болады деп күтпейді.
Сарапшының сөзінше, электр энергиясына арналған шекті тарифтер ұзақ мерзімге бекітілген және 2025 жылғы деңгейде сақталған. Бұл мораторий аяқталғаннан кейін автоматты түрде баға өседі дегенді білдірмейді. Алайда техникалық тұрғыдан алғанда, уақытша шектеу мәселені түбегейлі шешкен жоқ, тек соңғы жылдары жиналған түйткілдерді кейінге ысырып қойды.
Жақып Хайрушев энергетика – жай ғана нарық емес, нақты жабдық, желілер, жөндеу жұмыстары мен мамандар екенін еске салды. Бағаның өсуі тоқтатылған кезеңде желілерді күтіп ұстау және жаңарту шығындары артты, материалдар мен жұмыстар қымбаттады. Бұған қоса, 2026 жылдан бастап қосылған құн салығы 16%-ға дейін көтерілді. Бұл – энергетикалық компаниялар үшін міндетті төлемдердің тікелей өсуі, ал ол қолданыстағы тариф есебінен өтеледі.
Сонымен қатар сала алдында ауқымды міндеттер тұр. Энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға, сондай-ақ көмір генерациясын дамытуға бағытталған екі ірі ұлттық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл бастамалар елеулі капиталдық инвестицияларды, ұзақ құрылыс және жаңғырту циклдерін, тұрақты қаржыландыру көздерін талап етеді. Экономикалық тұрғыдан негізделген тарифсіз мұндай жобалардың ілгерілеуі қиын болатыны айтылды.
Сарапшының пікірінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында қаржылық жағдайы күрделі өңірлерде тарифтерге нүктелік түзетулер енгізілуі ықтимал. Оның айтуынша, бұл бағаны жай ғана көтеру емес, ең төменгі эксплуатациялық шығындарды жабу және жүйенің сенімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттілігінен туындайды.
Мұндай жағдайда 5-10% көлеміндегі түзету техникалық тұрғыдан негізді көрінеді. Ал одан да жоғары өсім бұл кезеңде орынсыз әрі мүмкін емес.
Жыл соңына дейінгі кезеңге келсек, сарапшы тарифтердің инфляция деңгейіне жақын, инвестициялық және жөндеу бағдарламаларын ескеретін 8-12% аралығында біртіндеп өсуін жүйе үшін орнықты нұсқа деп санайды. Бұл салық жүктемесінің, соның ішінде ҚҚС-тың артуын ескеруге мүмкіндік береді және тұтынушылар мен өнеркәсіп үшін шок әсерін тудырмайды.
Жақып Хайрушевтің пікірінше, негізгі тәуекел тарифтің өсуінде емес, оның сипаты мен болжамдылығында. Техникалық жағдай мен шығын құрылымын есепке алмай қабылданған шешімдер бағаны қайтадан уақытша тоқтатуға әкелуі мүмкін.
«Бағаны қатыру – бұл тозуды кейінге қалдыру, апат қаупін арттыру және жиналған мәселелерді кейін төтенше жағдайда шешуге мәжбүр болу деген сөз. Таңдау айқын: не жүйе жабдықты қалыпты күйде ұстауға мүмкіндік беретін түсінікті әрі болжамды тариф алады, не біз проблемаларды тағы да уақытша “консервілеп”, энергиямен қамту сенімділігіне тәуекел төндіреміз», – деп түйіндеді сарапшы.