Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньянда Украинадағы соғыста қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына арналған жаңа тұрғын үй ауданын салтанатты түрде ашты. Бұл – Пхеньянның Ресеймен әскери әріптестігін ішкі аудитория алдында ашық түрде саясиландырып, қаза болғандарды «ұлт қаһарманы» деңгейіне көтеруінің айқын көрінісі.
Жаңа аудан астананың Хвасон аймағында бой көтерген. Мемлекеттік ақпарат құралдары оны «Сэппёл көшесі» деп атады. Ашылу рәсімінде Ким Чен Ын қызымен бірге келіп, жаңа пәтерлерге қоныстанған отбасылардың үйлерін аралап шыққан. Ресми мәлімдемеде көшбасшы «Отан үшін жанын қиған жас батырлардың алдында парызымызды өтеу – мемлекет борышы» деп атап өткен.
Пхеньян бұл жобаны тек әлеуметтік бастама ретінде емес, идеологиялық символ ретінде ұсынуда. Кимнің сөзінше, жаңа үйлер қара жамылған отбасыларға «балалары мен жұбайларының ерлігіне мақтанышпен өмір сүруге мүмкіндік беруі тиіс». Яғни, бұл – өтемақы ғана емес, мемлекет тарапынан көрсетілген құрметтің айғағы.
Соңғы айларда Солтүстік Корея Украинадағы соғысқа қатысқан әскерилерін белсенді түрде мадақтап келеді. Пхеньянда қаза тапқан сарбаздарға арналған мемориалдық кешен салынып жатыр, ал мемлекеттік басылымдар оларды «революция жауынгерлері» ретінде дәріптеуде. Сарапшылардың пікірінше, мұның бәрі – қоғамдағы ықтимал наразылықтың алдын алу және әскери қызметті идеологиялық тұрғыдан ақтау амалы.
2024 жылы Ресеймен өзара қорғаныс туралы келісім жасалғаннан кейін Солтүстік Корея Мәскеуге шамамен 14 мыңға жуық әскери қызметкер жібергені туралы деректер тараған. Оңтүстік Корея, Украина және Батыс барлау қызметтерінің мәліметінше, олардың алты мыңнан астамы қаза тапқан болуы мүмкін. Пхеньян бұл сандарды ресми түрде растаған жоқ, бірақ қаза болғандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтау үрдісі күшейіп келеді.
Ким Чен Ын өткен аптада Ресей президенті Владимир Путиннің барлық бастамаларын «шартсыз қолдайтынын» мәлімдеген еді. Бұл – екі елдің тек әскери емес, саяси одақтастығының да тереңдегенін аңғартады. Сарапшылардың айтуынша, Солтүстік Корея соғыс арқылы заманауи ұрыс тәжірибесін жинақтап, Ресейден техникалық қолдау алуға мүдделі.
Жаңа тұрғын үй ауданының ашылуы елдегі маңызды партиялық съездің қарсаңына тұспа-тұс келді. Ким бұл жиында алдағы бес жылға арналған ішкі және сыртқы саясат басымдықтарын жариялауы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, «Сэппёл көшесі» – тек құрылыс жобасы емес, саяси мәлімдеме. Ол биліктің өз жауынгерлеріне қамқор екендігін көрсетіп қана қоймай, қоғамға: «Мемлекет соғысқа қатысқандарды ұмытпайды» деген сигнал жолдайды.
Пхеньян үшін бұл – бір мезетте әрі насихат құралы, әрі адалдықтың кепілі. Ал халықаралық қауымдастық үшін – Солтүстік Кореяның Украинадағы соғысқа араласуының айқын әрі символдық дәлелі.