Шығыс Қазақстан облысында «Қажсервис» ЖШС филиалының жүргізушісі қызметтік міндетін атқару кезінде жазатайым оқиғадан көз жұмды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Рахман қайнарлары» тас жолының күрделі учаскесін қардан тазалап болғаннан кейін орын алған. Маман арнайы техникаға техникалық қызмет көрсету кезінде ауыр жарақат алып, жедел жәрдем жеткенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Қазіргі таңда атқарылып жатқан шаралар:
Арнайы комиссия құрылып, қызметтік тергеу басталды.
Оқиға орнында прокуратура мен полиция өкілдері жұмыс істеуде.
Еңбек инспекциясына қауіпсіздік техникасының сақталуын тексеру үшін ақпарат берілді.
Компания қаза тапқан қызметкердің отбасына заң аясында барлық қажетті материалдық және ұйымдастырушылық көмек көрсетілетініне сендірді.