«Мен ораламын!» – Ресейге кіруге тыйым салынғаннан кейін алғаш рет сахнаға шыққан Нұрлан Сабуров осылай деді.
Стендап кеші Таиландтың Пхукет аралында өтті. Көрермендер комикті Royal Phuket City Hotel қонақүйінің конференц-залында қарсы алды. Бұл кеш тек әзілге ғана емес, соңғы апталардағы даулы оқиғаларға жауап іспетті болды.
Сабуров сахнаға шығысымен-ақ жағдайды өзі әжуалап алды. Көрерменге қарап: «Қылмыскерді көруге келгендеріңізге рақмет», – деп бастады. Зал күлкіге көмілді. Бірақ әзілдің астарында шынайы ахуал жатқанын жұрт жақсы түсінді.
Кештің едәуір бөлігі Ресейге кіруге тыйым салынған оқиғаға арналды. Еске салсақ, Нұрлан Сабуровқа Ресей аумағына 50 жылға кіруге шектеу қойылғаны белгілі болған. Ол бұл шешім туралы Мәскеуге ұшып барған кезде білген. Артынша Алматыға қайта оралған. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамда түрлі пікір тудырды.
Пхукеттегі концертінде Сабуров Ресейге қайта оралуды жоспарлап отырғанын ашық айтты. Шығармашылығында өзгеріс бола ма деген сауалға да қалжыңмен жауап берді: «Енді менде суперпатриоттық концерттер болады», – деді ол.
Соңғы күндері оның есімі тағы бірнеше даулы ақпаратпен қатар аталды. Бұған дейін кейбір сарапшылар оның белгілі бір әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтқан. Украинада да оған қатысты тексеру басталғаны жөнінде мәлімдемелер тараған.
Бұл концерт — жай ғана стендап емес, репутациялық сынақтан кейінгі алғашқы жауап. Ендігісі уақыттың еншісінде.