Таяу Шығыстағы ахуал сағат сайын күрделеніп барады. Израиль мен АҚШ бастаған әскери операциядан кейін Иран төңірегіндегі геосаяси шиеленіс жаңа кезеңге өтті. Осындай аласапыран шақта Тегеран ресми түрде мәлімдеме жасап, елдің рухани көсемі тірі екенін және жоғары басшылықтан ешкімнің қаза таппағанын хабарлады. Бұл мәлімдеме аймақтағы жағдайдың қаншалықты қауіпті деңгейге жеткенін аңғартады.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи 28 ақпан күні берген сұхбатында елдің рухани жетекшісі Аятолла Али Хаменеи аман екенін айтты. Оның сөзінше, Израиль мен АҚШ-тың әскери операциясы нәтижесінде Иранның жоғары басшылығынан ешкім мерт болмаған. Дегенмен, ол «бірнеше қолбасшыдан айырылуымыз мүмкін» екенін жоққа шығармады. Бірақ бұл шығынды «аса үлкен проблема емес» деп бағалады.
Тегеран жаңа әскери операцияны «заңсыз әрі себепсіз шабуыл» деп атады. Ал өз әрекеттерін «заңды өзін-өзі қорғау» деп сипаттады. Арагчи Парсы шығанағы елдерінің басшыларымен байланысқа шыққанын, Иранның оларға қарсы соғыс ашу ниеті жоқ екенін түсіндіргенін жеткізді. Оның айтуынша, Иран тек өз аумағына қарсы жасалған шабуылдарға жауап беріп отыр және АҚШ-тың аймақтағы әскери базаларын нысанаға алуы да осы логикаға негізделген.
Сонымен бірге Иран тарапы деэскалацияға мүдделі екенін мәлімдеді. «Егер америкалықтар сөйлескісі келсе, олар менімен қалай байланысу керектігін біледі», – деді Арагчи. Бұл сөздер әскери қақтығыс жағдайында да дипломатиялық арналардың толық жабылмағанын көрсетеді. Алайда нақты келіссөздердің басталуы әзірге екіталай.
Reuters агенттігі таратқан ақпарат жағдайды одан әрі күрделендірді. Онда Израиль мен АҚШ соққылары нәтижесінде Иранның қорғаныс министрі Азиз Насирзаде мен Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы қаза тапқан болуы мүмкін екені айтылды. Тегеран бұл ақпаратқа әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Егер бұл дерек расталса, онда Иранның әскери-саяси құрылымына ауыр соққы болғаны анық.
28 ақпан таңында Израиль мен АҚШ Иран аумағына, оның ішінде Тегеранға жаппай әуе соққыларын жасады. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл операцияның мақсаты – Иранның ядролық бағдарламасын толық жою екенін мәлімдеді. Ол Иран әскерін қару тастауға, ал халықты «өз тағдырын өз қолына алуға» шақырды. Бұл үндеу Тегерандағы билікке тікелей қысым ретінде қабылданды.
Иран тарапының дерегінше, соққылардың бірі Минаб қаласындағы қыздарға арналған мектепке тиіп, 80-нен астам оқушы қаза тапқан. Алайда бұл ақпарат тәуелсіз түрде расталған жоқ. Израиль мен АҚШ бұл айыптауларға түсініктеме бермеді. Дегенмен, егер бейбіт нысандарға соққы жасалғаны дәлелденсе, халықаралық құқық тұрғысынан бұл үлкен дау туғызары сөзсіз.
Жауап ретінде Иран Израильге ондаған зымыран мен дрон ұшырды. Елдің солтүстігінде жараланғандар бар екені хабарланды. Әуе кеңістігі Иран мен Израильде ғана емес, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері мен Катараумағында да уақытша жабылды. Дохада ирандық зымыранның атып түсірілгені хабарланды. Абу-Даби мен Бахрейнде жарылыстар естілген. Иордания астанасы Амманда және Кувейтте әуе дабылы жарияланды. Көптеген елдердің әуе компаниялары Таяу Шығыс бағытындағы рейстерін тоқтатты.
Иран зымырандарының бірі Кувейттегі америкалық әскери базаға жақын аумаққа түсіп, ұшу-қону жолағын зақымдағаны айтылды. Бұл базада Италия әскери контингенті орналасқан. Италия Сыртқы істер министрі Антонио Таяни 300-ге жуық италиялық сарбаздың ешқайсысы зардап шекпегенін мәлімдеді. Дегенмен, бұл оқиға қақтығыстың географиясы кеңейіп жатқанын көрсетеді.
Еуропа да үнсіз қалған жоқ. Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эмманюэль Макрон және Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Иранды ядролық бағдарламасын тоқтатып, келіссөздерге қайта оралуға шақырды. Олар Иранның аймақтағы басқа елдерге жасаған соққыларын қатаң айыптады.
Украина президенті Владимир Зеленский Иран режимін «террористік сипаттағы билік» деп атап, иран халқына өзгеріс жасау мүмкіндігін беру керектігін айтты. Ресей керісінше Израиль мен АҚШ соққыларын «қауіпті авантюра» деп бағалап, халықаралық құқық нормалары бұзылғанын мәлімдеді. Қытай да алаңдаушылық білдіріп, Иранның егемендігін құрметтеуге және ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді жаңғыртуға шақырды.
Бүгінгі ахуал – тек екі немесе үш мемлекеттің текетіресі емес. Бұл – бүкіл өңірлік қауіпсіздік жүйесінің шайқалуы. Егер тараптар диалогқа келмесе, Таяу Шығыс ауқымды соғыс алаңына айналуы мүмкін. Ал мұндай соғыстың салдары мұнай нарығынан бастап, жаһандық экономика мен халықаралық одақтарға дейін әсер ететіні анық.
Иран «деэскалацияға дайынбыз» дейді. АҚШ «ядролық бағдарламаны жоямыз» дейді. Израиль қауіпсіздігін алға тартады. Ал әлем қауымдастығы келіссөзді жалғыз жол деп санайды. Қазір басты сұрақ – тараптар эмоциядан гөрі есепке жүгініп, дипломатияға басымдық бере ме, әлде зымыран тілі үстем бола ма?
Таяу Шығыс тағы да тарихтың қауіпті бұрылысында тұр. Әрбір мәлімдеме, әрбір соққы, әрбір жауап – жаңа кезеңнің басталуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі жағдай тек әскери операция емес, халықаралық тәртіптің болашағына қатысты шешуші сынаққа айналып отыр.