2026 жылғы 2 наурызда Шымкент қаласында және 3 наурыз күні Сарыағаш қаласында медицина қызметкерлеріне арналған мазмұнды семинарлар өтті. Аталған іс-шаралар денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің «DENSAULYQ» жергілікті кәсіподағы мен салалық «QazMed» кәсіподағының бірлескен бастамасымен ұйымдастырылды. Семинарларға Түркістан облысының медициналық ұйымдарының басшылары, заңгер, экономист пен кәсіподақ белсенділері қатысып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Іс-шараның басты мақсаты – медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау саласындағы экономикалық өзгерістерді түсіндіру және әлеуметтік-медициналық кепілдіктер жөніндегі ақпараттарды кеңінен жеткізу болды. Семинарлар кәсіби пікір алмасу алаңына айналып, медицина саласының бүгінгі даму бағыттары мен қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Іс-шараның ұйымдастырылуына бастамашы болған «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Сакен Арыстанұлы мұндай кездесулердің маңыздылығына ерекше тоқталып, кәсіподақтың негізгі міндеті – медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың кәсіби қызметіне қолайлы жағдай қалыптастыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, салалық кәсіподақтардың бірлескен жұмысы медицина саласындағы еңбек қатынастарын жетілдіруге және әлеуметтік серіктестікті дамытуға мүмкіндік береді.
Семинардың негізгі спикері ретінде медицина саласында 16 жылдық тәжірибесі бар денсаулық сақтау экономисі Забирова Эльмира Айдарқызы сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыру тетіктері, еңбек ақы төлеу жүйесі және медицина ұйымдарының экономикалық тиімділігін арттыру мәселелерін кеңінен түсіндірді.
Семинар барысында қатысушылар еңбек ақы төлеудің құқықтық және нормативтік негіздерін егжей-тегжейлі талқылады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциясы, Еңбек кодексі, Бюджет және Салық кодекстері, «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Заң талаптары қарастырылып, жұмыс уақытының ұзақтығы, ең төменгі жалақы мөлшері және жыл сайынғы негізгі ақылы демалысқа қатысты нормалар түсіндірілді.
Сонымен қатар «QazMed» кәсіподағының менеджері Эрсалды Оразалинова 2026–2028 жылдарға арналған Салалық келісімді қабылдау барысында кәсіподақтың атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Ол басқа салалық кәсіподақтармен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде «QazMed» ұсынған бірқатар ұсыныстардың келісімге енгізілгенін атап өтті. Баяндама барысында әлеуметтік серіктестікті дамыту, жастармен жұмыс, еңбек қатынастарын жетілдіру, еңбек ақы төлеу қағидаттары, әлеуметтік кепілдіктер, еңбекті қорғау, еңбек даулары мен ереуілдердің алдын алу және заңнаманың сақталуын бақылау мәселелері кеңінен түсіндірілді
Семинарлар медицина қызметкерлеріне тек нормативтік-құқықтық құжаттармен танысуға ғана емес, сонымен қатар еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс жағдайларын жақсарту және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша практикалық ұсыныстар алуға мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында «DENSAULYQ» кәсіподағының төрағасы Сакен Арыстанұлы мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, медицина қызметкерлерінің кәсіби мүдделерін қорғау мен әлеуметтік қолдау көрсету кәсіподақ қызметінің басты бағыты болып қала береді. Семинарлар медицина қауымдастығы үшін маңызды тәжірибе алмасу алаңына айналып, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының денсаулық сақтау ұйымдары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға ықпал етті.