Кипрдегі британ авиабазасына шабуыл жасаған дроннан Ресейде жасалған бөлшектер табылды

Бүгін, 22:02 / taulik
Фото: canva арқылы жасалған

Кипрдегі Ұлыбританияның әскери-әуе базасына соққы жасаған дронның құрамынан Ресейде өндірілген әскери жабдық анықталды. Бұл туралы британдық The Times газеті хабарлады.

Басылым мәліметінше, 2 наурыз күні Кипр аралындағы Акротири британ авиабазасына шабуыл жасаған соққы беруші ұшқышсыз аппараттың ішінде Ресейде жасалған «Комета-Б» навигациялық жүйесі болған. Бұл құрылғы бұған дейін 2025 жылдың желтоқсанында Украина әуе қорғаныс күштері атып түсірген дрондардың қалдықтарынан табылған.

Анықталған бөлшектер Ұлыбританияның әскери барлау қызметі арқылы елдегі зертханаға жіберілген. Мамандар дронның нақты құрылымы мен қолданылған технологияларды толық зерттеп жатыр.

Алдын ала болжам бойынша, шабуылды Иран қолдайтын Ливандағы радикалды «Хезболла» қозғалысының жасақтары жасауы мүмкін.

Ресей техникасының ізі

The Times жазуынша, бұл дерек АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы жүргізіп жатқан әскери операциясында алғаш рет ресейлік әскери технология қолданылғанын көрсетуі мүмкін. Мұндай мәлімет Мәскеудің осы қақтығыстағы ықпалы күшейіп келе жатқанына қатысты алаңдаушылық туғызды.

Басылым бұған дейін Ресей Иранға барлау мәліметтерін беріп отырғаны туралы ақпарат тарағанын да еске салады. Әңгіме АҚШ әскери кемелері, ұшақтары мен аймақтағы әскердің орналасуы жөніндегі деректер туралы болып отыр. Бұл мәліметтерді CNN мен The Washington Post басылымдары АҚШ арнайы қызметтеріндегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлаған.

Ұлыбритания жаңа шабуылдардан қауіптенеді

Лондон қазір Кипрдегі британ әскери нысандары да Иран немесе оның аймақтағы одақтастарының нысанасына айналуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.

The Times басылымының жазуынша, 6 наурыз күні Кипрге жеткізілген екі Wildcat әскери тікұшағы да ықтимал шабуыл қаупі бар объектілер қатарында.

7 наурызда Ұлыбритания Таяу Шығыстағы әскери әлеуетін күшейтетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, жақын күндері Парсы шығанағына HMS Prince of Wales авианосецін жіберу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұған дейін елдің Қорғаныс министрлігі аймақтағы британ әскери қатысуы күшейтілетінін хабарлаған болатын.

Зеленский: Ресей Иранға қару жеткізуі мүмкін

5 наурызда Украина президенті Владимир Зеленский Ресей Иранға әскери техника жеткізіп отыр деген пікірін білдірді.

Оның айтуынша, Ресей Иран өндірген Shahed дрондарына арналған электрондық компоненттерді беруі мүмкін.

«Біз олардың электрониканы жеткізуі ықтимал екенін түсінеміз. Бүгінде Таяу Шығыста қолданылып жатқан Shahed дрондарының қалдықтарынан ресейлік бөлшектер табылуы мүмкін. Біз мұны анық білеміз», – деді Зеленский.

Кипрдегі британ базасына шабуыл

Кипрдегі Акротири әскери-әуе базасы 2 наурызға қараған түні ирандық дронның шабуылына ұшырады. Кипр президенті Никос Христодулидис базада аздаған материалдық шығын болғанын мәлімдеді.

Ол сонымен бірге Кипрдің бұл әскери қақтығысқа қатыспайтынын және ешқандай әскери операцияларға араласу жоспары жоқ екенін атап өтті.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, базаға екі ұшқышсыз аппарат шабуыл жасаған. Олардың бірін әуе қорғанысы жүйесі атып түсірген.

Ұлыбритания қорғаныс министрі Джон Хили британ әскери ұшақтары Кипр мен Бахрейндегі базалардан көтеріліп, қажет болған жағдайда аймақтағы дрондар мен зымырандарды жоюға дайын екенін айтты.

АҚШ Ресейден Иранға көмек көрсетпеуді сұрады

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф Ресей басшылығынан Иранға барлау ақпаратын бермеуді сұрағанын мәлімдеді.

Ол бұл туралы журналистердің сұрағына жауап бере отырып айтты. Әңгіме президенттік Air Force One ұшағында өткен брифинг кезінде қозғалған.

«Мен бұл туралы өте нақты әрі табанды түрде айттым», – деді Уиткофф.

Алайда ол келіссөздердің басқа егжей-тегжейін ашып айтқан жоқ.

Бұған дейін АҚШ барлау қызметіндегі дереккөздерге сілтеме жасаған CNN мен The Washington Post басылымдары Ресей Иранға америкалық әскердің орналасуы мен қозғалысы туралы мәліметтерді жеткізіп отырғанын хабарлаған еді.

Тэгтер:

Ресей дрон шабуыл Кипр британ авиабазасы бөлшектер