Уиткофф: Ресейдің Иранға барлау деректерін бермейтініне сөз жүзінде сенеміз

Бүгін, 13:30 / taulik
Фото: ашық дереккөзден алынды

АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф Вашингтон Мәскеудің Иранға барлау мәліметтерін бермейтіні жөніндегі уәжін қабылдайтынын мәлімдеді. Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдары Ресей Тегеранға америкалық нысандарға соққы жасау үшін координаттар жеткізген болуы мүмкін деген дерек таратқан еді.

Уиткоффтың айтуынша, 9 наурыз күні Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың телефон арқылы сөйлесуі барысында Мәскеу бұл айыптауларды жоққа шығарған.

«Олардың сөзіне сенуге болады. Үміттенеміз, олар расында да барлау мәліметтерін бермейді», – деді Уиткофф 10 наурызда CNBC телеарнасына берген сұхбатында.

Сондай-ақ ол Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен бірге 9 наурыз күні Ресей президентінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Юрий Ушаковпен бөлек телефон әңгімесін жүргізгенін айтты. Ушаков та Ресей Иранға ешқандай барлау деректерін бермейді деген позицияны қайталаған.

Уиткоффтан Ресейдің Тегеранға америкалық әскери нысандардың орналасуы туралы ақпарат беруі мүмкін бе деген сұрақ қойылған. Бұған жауап ретінде ол барлау қызметінің өкілі емес екенін айтып, нақты мәлімет айта алмайтынын жеткізді.

«Кеше президентпен сөйлесу кезінде ресейліктер барлау деректерін бермейміз деді. Бізге айтқаны – осы», – деді ол.

Америкалық БАҚ не дейді?

Дегенмен, америкалық MS Now басылымы 7 наурыз күні екі америкалық шенеунікке сілтеме жасап, Ресей Иранға АҚШ әскери кемелері, ұшақтары мен Таяу Шығыстағы базаларына соққы жасауға көмектесетін ақпарат беріп отырған болуы мүмкін деген мәлімет жариялаған.

Басылым тілдескен шенеуніктердің бірі «Ресей Иранға барлау жағынан қолдау көрсетіп отыр» деген. Ал екінші дереккөз Ресейдің бұл соғыста тікелей әскери немесе тактикалық рөл атқарып отырғанына нақты дәлел көрмегенін айтқан.

Трамптың реакциясы

АҚШ президенті Дональд Трамп 6 наурызда Fox News тілшісінің Ресей Иранға АҚШ күштеріне қарсы шабуылдарға көмектесіп жатыр ма деген сұрағына ашулы жауап берген.

«Мұндай уақытта осындай ақымақ сұрақ қоюдың қажеті жоқ», – деген ол.

Ал 9 наурыз күні Флоридада өткен баспасөз мәслихатында Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлескенін айтып, Ресей президенті АҚШ-тың Иранға қарсы соғыстағы әрекеттеріне «өте әсерленгенін» жеткізді.

Кейінірек Трамп бұл әңгімені «өте жақсы өтті» деп бағалап, Путин Иранға қатысты қақтығысты реттеуге көмектесуге дайын екенін білдіргенін айтты.

«Мен оған: егер сіз Ресей мен Украина арасындағы соғысты аяқтасаңыз, әлдеқайда пайдалы болар еді дедім», – деді АҚШ президенті.

Тэгтер:

Ресей Путин Иран сөз уиткофф барлау деректері сену