Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ел басшысының шетелдік ресми сапарлары үшін ұзақ қашықтыққа ұша алатын заманауи әуе кемесі қажет болды. Осыған байланысты 1994 жылы сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Boeing-747 ұшағын сатып алған. Кейін бұл әуе кемесіне UN-001 борт нөмірі беріліп, Қазақстан тарихындағы алғашқы президенттік ұшақ ретінде белгілі болды.
Журналист Манас Қайыртайұлының жазуынша, 1994 жылы АҚШ-қа жоспарланған сапар алдында Қазақстан кең фюзеляжды Boeing-747 моделін таңдаған. Вашингтондағы кездесулердің бірінде сол кездегі АҚШ президенті Билл Клинтон жаңа ұшақ туралы сұрағаны жөнінде деректер бар. Сол кезде Назарбаев бұл лайнер бұрынғы Кеңес Одағы аумағындағы алғашқы Boeing екенін айтып, оның ресейлік Ил-96 ұшағымен салыстырғанда үнемдірек әрі тиімді екенін атап өткен.
Алайда сатып алынған ұшақ жаңа болмаған. Boeing-747SP моделі 1978 жылы шығарылған. Алғашында ол америкалық Trans World Airlines (TWA) әуе компаниясының құрамында қызмет еткен. Кейін бірнеше рет иесін ауыстырып, 1994 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан үкіметінің қарамағына өткен. Сол кезде ұшаққа UN-001 борт нөмірі берілген.
Бұл әуе кемесі тек президенттік сапарларға ғана қолданылған жоқ. Мемлекет басшысы пайдаланбаған кезде ол Kazakhstan Airlines арқылы азаматтық және коммерциялық рейстерді де орындаған. Бұл кезеңде Қазақстанның авиация саласы енді ғана қалыптасып жатқан еді. Кейін бұл нарықта Air Kazakhstan, одан кейін Air Astana компаниялары пайда болды.
Шамамен екі жылдан кейін ұшақ Қазақстаннан шығарылып, Ұлыбританияға сатылған. 2002 жылға дейін пайдаланылғаннан кейін лайнер толықтай есептен шығарылды.
747sp.com дерегінше, Cargolux компаниясы ұшақтың алдыңғы кабинасы мен жоғарғы палубасының бір бөлігін сақтап қалып, оны оқу-жаттығу мақсатында пайдаланған. Ал фюзеляждың бір бөлігі Германияның Фельберт қаласындағы әуежай аумағында тұрғаны айтылады.
UN-001 – жай ғана ұшақ емес, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы сыртқы саяси қадамдарының символына айналған лайнер. 1990-жылдары Батыс компаниясынан алыс магистральді ұшақ сатып алу елдің халықаралық аренада дербес ойыншы болуға ұмтылғанын көрсеткен маңызды қадам болды.
Бүгінде Boeing-747SP ұшағы әуеде ұшпайды. Алайда ол тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы дипломатиялық сапарлар мен маңызды халықаралық келіссөздердің үнсіз куәгері ретінде есте қалды.