Референдум күні ерекше акция: дауыс берушілердің көңілін көтеретін шаралар өтіп жатыр (ВИДЕО)

Бүгін, 11:47 / taulik
Taulik.kz коллажы

Қазақстанда жаңа Конституцияға байланысты республикалық референдум өтіп жатқан күні елдің бірқатар өңірінде сайлау учаскелерінде ерекше акция ұйымдастырылды. «Кездейсоқ комплимент» деп аталған бастама дауыс беруге келген азаматтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлауды мақсат етті.

Акция аясында дауыс беріп шыққан әрбір қатысушы арнайы қораптан шағын қағаз суырып, онда жазылған жылы тілектер мен комплименттерді оқыды. Бұл шағын қағаздарда азаматтарға арналған жүрекке жылы тиетін сөздер жазылған.

Мысалы, жазбалардың ішінде:

«Күніңіз дауыс беруге келген шешіміңіздей жақсы өтсін!», «Күлімсірегеніңіз бен белсенділігіңіз үшін рахмет!», «Сіз бұл күнді одан да жарқын еттіңіз!» деген сияқты жағымды сөздер болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шағын бастамалар азаматтардың көңіл күйін көтеріп қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуының маңызын еске салуға бағытталған. Көптеген тұрғындар мұндай тосынсыйлар дауыс беру күнін мерекелік көңіл күймен өткізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Сонымен қатар елорда тұрғындары референдум күні ерекше перформанстың куәсі болды. Қала көшелерінде технологиялық робот пен барс Адлет жүріп өтіп, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады. Бұл кейіпкерлер тек балаларды ғана емес, ересектерді де қызықтырып, қала көшелерінде мерекелік атмосфера қалыптастырды.

Ал Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, референдумға қатысу белсенділігі де біртіндеп артып келеді. Комиссия мүшесі Ляззат Сүйіндіктің айтуынша, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша ел бойынша 2 393 844 қазақстандық дауыс беріп үлгерген. Бұл – сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 19,21 пайызы.

Өңірлер бойынша қатысу көрсеткіші әртүрлі. Мысалы, Қарағанды облысында – 26,64 пайыз, Қызылорда облысында – 24,02 пайыз, Ақтөбе облысында – 21,80 пайыз. Ал Шымкент қаласында 21,36 пайыз тұрғын дауыс беруге қатысқан. Елордада бұл көрсеткіш 20,68 пайыз болса, Алматы қаласында 9,54 пайызды құрап отыр.

Ресми деректерге сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда 12 416 759 азамат дауыс беру құқығына ие. Референдум өтті деп есептелуі үшін олардың кемінде жартысынан астамы, яғни шамамен 6,2 миллионнан астам адам дауыс беруі қажет.

Жалпы алғанда, елдегі референдум күні тек саяси науқан ғана емес, сонымен қатар азаматтардың белсенділігі мен қоғамдағы бірлікті көрсететін ерекше күнге айналып отыр.

Тэгтер:

референдум