Қазақстанда өткен республикалық референдум бойынша алғашқы экзитпол нәтижелері белгілі болды.
Республикалық телеарналардың эфирінде жарияланған деректерге сәйкес, азаматтардың басым бөлігі жаңа Конституцияны қабылдауды қолдаған.
Еуразиялық интеграция институтының экзитпол нәтижесі бойынша, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 86,7 пайызы Конституцияның жаңа нұсқасын қолдап дауыс берген. Ал референдумға қатысу деңгейі 75,3 пайыз шамасында болған.
Сонымен бірге ИКСИ «Социс-А» институты да өз зерттеуінің қорытындысын жариялады. Олардың мәліметінше, дауыс берген респонденттердің 87,4 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған.
Бұл ұйым тіркеген қатысу көрсеткіші 73,8 пайыз деңгейінде болған. Сарапшылар зерттеудің статистикалық қателік шегі ±1,5 пайыз екенін атап өтті.
Экзитпол – сайлау немесе референдум кезінде дауыс беріп шыққан азаматтардан жүргізілетін әлеуметтік сауалнама. Мұндай зерттеулер әлемдік тәжірибеде дауыс беру нәтижесінің алдын ала болжамын анықтау үшін қолданылады.
Айта кетейік, 15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституция бойынша республикалық референдум өтті. Ел бойынша дауыс беру учаскелері таңғы 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істеді.
Дауыс беру құқығына 18 жастан асқан және сайлаушылар тізіміне енгізілген Қазақстан азаматтары ие болды. Жалпы тізімге 12 461 796 адам енгізілген.
Республика бойынша 10 388 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Бұдан бөлек, шетелдегі қазақстандықтар үшін 54 елдегі дипломатиялық өкілдіктер жанынан 71 учаске ашылды. Әскери бөлімдердегі 92 учаске жұмысын таңғы 06:00-де бастаған.