Қырғызстанда президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы бастама көтерілді. Бұл жөнінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа және Жогорку Кенеш төрағасы Нұрланбек Тургунбек уулуна арнайы үндеу жолданған. Құжатқа елдің ғылым өкілдері, бұрынғы премьер-министрлер, экс-депутаттар мен қоғам қайраткерлері қатарынан 75 адам қол қойған.
Үндеу авторлары қазіргі мемлекет басшысы Садыр Жапаров 2021 жылы бұрынғы Конституция негізінде сайланғанын еске салған. Ал сол жылдың сәуір айында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданып, онда президенттің өкілеттік мерзімі бес жыл деп белгіленген.
Сонымен қатар 2021 жылғы 5 мамырда күшіне енген "Қырғыз Республикасының Конституциясы туралы" заңда президенттің өкілеттігі мен қайта сайлануына қатысты арнайы нормалар қарастырылған. Аталған құжатта 2021 жылы алты жыл мерзімге сайланған президенттің өкілеттігі жаңа Конституция талаптарына сәйкес жүзеге асырылатыны, ал бұл мерзім бірінші президенттік кезең ретінде есептелетіні көрсетілген.
Үндеу мәтінінде бұл мәселе бойынша заңгерлер мен саясаткерлер арасында пікір екіге бөлінгені айтылған. Бір топ сарапшы даулы жағдайды болдырмау үшін мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қолдаса, екінші тарап қазіргі президенттің алты жылдық мерзімі аяқталғанша күту керек деген ұстанымда.
Құжат авторларының пікірінше, кезектен тыс сайлау өткізу түрлі құқықтық түсіндірмелер мен қоғамдық даулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге үндеуде қазіргі биліктің бірқатар жетістіктері де аталған. Олардың қатарында мемлекеттік шекара мәселесінің реттелуі, сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, әлеуметтік дамудың артуы және армияның күшеюі көрсетілген.
Алайда авторлар елде шешімін күткен мәселелер де бар екенін атап өткен. Атап айтқанда, мемлекеттік қарыздың өсуі, бағаның қымбаттауы және халықтың шетелге көшуі сияқты проблемалар жедел назар аударуды талап етеді.
Үндеу иелері қазіргі биліктің алғашқы кезеңі белгілі бір деңгейде аяқталды деп есептейді. Олардың пікірінше, елдің әрі қарай дамуы үшін жаңа саяси кезең басталып, соған сәйкес мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу қажет.